Атырауда имамдар аттестациялық сынақтан өтті


Аттестациялық сынаққа барлығы 79 имам қатысып, өз білімдерін сарапқа салды. Сынақ екі кезең бойынша өтті. Басты жаңалық сол - сынақты имамдар автоматтандырылған режимде, яғни, компьютерге енгізілген бағдарлама арқылы тапсырды. Бұл дегеніңіз - цифрландыру саласындағы соны жаңалықтар мүфтияттың Атырау өкілдігіне енді деген сөз. 
Бірінші кезеңде имамдар қырағат, тәжуид, ислам тарихы, тұғырнама және тұжырымдама бойынша ауызша сынақ тапсырып, тақырыптар бойынша сауалдарға жауап берді. Екінші кезең тест сұрақтарына құрылды. Бұл кезеңде имамдар ақида, фиқһ және әкімшілік жүйе (қолданыстағы заңнамалар) бойынша қойылған тест сұрақтарына жауап берді.
Баллдық жүйе бойынша білім сараланған аттестацияға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары – наиб мүфти Алау Әділбаев төрағалық етті. Сондай ақ, сынақ комиссиясы құрамында мүфтияттың шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоханов, Діни істер жəне талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет болды.
Еске сала кетелік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдардың білім деңгейі мен біліктілігін арттыру мақсатында аттестациялау, тағайындау және ұсынудың жаңа тәртібін қалыптастырды. Осылайша, мүфтияттың Ғұламалар кеңесі имамдарды аттестациялаудың өзіндік ережесін бекітті.