Атырауда өткен Мәуліт мерекесіне екі жүзге жуық жамағат қатысты


Бүгін Атырауда Мәуліт мерекесі аталып өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен Мәуліт кешіне  мұнайлы өлкенің Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысты.

 
Бір ерекшелігі, Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте өткен рухани кешке Атыраудағы мешіттердің барша әйелдер жамағаты қатысты. Аталмыш шарада жиналған жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтаған ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) өмірі туралы уағыз айтты. 
Шәддад ибн Әус (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Нағыз ақылды әрдайым өз-өзін есепке тарта отырып, ізгі амалдар жасап, өлімнен кейінгі өмірге қамданған адам. Ал, нағыз бейшара тойымсыз нәпсінің қалауына ерік беріп, соған қарамастан (о дүниеде ізгілермен бірге болармын деп) Аллаһтың мейірімінен үміт еткен адам деп айтты» деген. (Тирмизи риуаят еткен). Әр мұсылман үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үлгі болуы керек" деп атап өтті ұстаз өз сөзінде. 
Рухани шара аясында Пайғамбардың  (с.ғ.с) өмірі туралы көрініс көрсетіліп, илләһи әндер айтылды. Және мешіттің игі бастамаларына атсалысып жүрген әйел аналарға Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы алғыс хат табыс етті.