Жас жұбайларға арналған «Жанұя жарасымы» атты семинар өтті

Бүгін «Қапан қажы» мешітінде некелерін қидырып, отбасын құруға ниет білдірген Икенбаев Нұрсұлтан және Шинжигитова Назира жас жұбайларға арналған «Жанұя жарасымы» атты семинар тренинг өткізілді. Мешіт имамы Жамбыл Демеуұлы бастамасымен  тұңғыш рет өткізіліп отырған семинар тренинг барысында отбасы құндылықтары жайлы айтылып, ер мен әйелдің өзара ақылары жайлы  сөз қозғалды.
«Қапан қажы» мешітінде некелерін қиғызып, жұбайлық өмірге алғашқы қадамдарын құлшылық ордасынан бастауға келген жастар үшін бүгінгі семинардың орны ерекше болды. «Қапан қажы» мешітінің  имамы Жамбыл Демеуұлы семинарға қатысушыларға көптеген құнды мағлұматтар беріп, ақ некенің мән-маңызын тереңірек түсіндіруге тырысты.
«Ресми деректерге сүйенсек, былтырғы жылы елімізде 147 360 жан отбасын құрған көрінеді. Алайда, олардың 48 420-ның дәм-тұзы жараспай, қайта ажырасқан. Бұл тек ресми дерек қана. Ал, тіркелмегендері қаншама?! Осы орайда, албырт сезімнің жетегімен жанұя құрып, жауапкершілікті сезінбей жататындар көп. Бүгінгі семинарымыздың мақсаты да осы. Жанұя құруға талпынған жас жұбайларға жөн сілтеп, керекті кеңес-насихат беру», – дейді «Қапан қажы» мешітінің  имамы Жамбыл Демеуұлы.
Семинар соңында қатысушыларға ҚМДБ-ы шығарған «Исламдағы жанұя», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Қүнтізбе» сияқты ақпараттық кітаптар таратылып, барлығы естелік суретке түсті.