Бас имам Құрманғазы ауданындағы Мәуліт кешіне қатысып, жұртшылықпен кездесті

Құрманғазы ауданы орталығында өткен қасиетті Мәуліт рухани кешіне Атырау облысының Бас имамы Алтынбек  Ұтысханұлы арнайы барып қатысты.
Мәуліт кеші барысында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтады. Және де қасиетті Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында дұға жасады.
Шара аясында асыл дініміздің өркендеуіне, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген бір топ кәсіпкерге Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының атынан алғыс хат тапсырылды. Рухани ағарту, дініміз бен ділімізді насихаттау, қайырымдылық жолында атқарып жатқан істері үшін рухани кеш барысында  Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаевтың атынан Бас имам Алтынбек Ұтысханұлына алғыс хат табыс етілді. 
Құрманғазы ауданына сапары аясында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы жергілікті орталық мешітте жұма намазын өткізді.
Жұма намазы басталмас бұрын ұстаз жұртшылыққа "Туған жердің қадірін білу" тақырыбында уағыз айтты. Уағыз мазмұнында Тәуелсіздіктің нығметін сезіну, осы ретте ізгі істер жолында бірігу мәселесі көтерілді.
Сапар аясында ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы Ресеймен шекаралас жатқан Шортанбай ауылына барды. Жергілікті мәдениет үйінде жұртшылықпен кездескен Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы "Жеті рухани қазық" тұғырнамасын таныстырды.
Одан әрі кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты.