Атырауда әйел жамағаты арасында Құран жарысы өтті

30қаңтар, 2020 жыл.   Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен бүгін Атырауда Құран жарысы болып өтті.
Аталмыш шараға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Құран – адамзатты екі өмірдің бақытына жетелейтін ең соңғы иләһи кітап. 14 ғасырдан бері әріпті былай қойғанда, үтір-нүктесіне дейін өзгермеген Алла Тағаланың уахиі. «Хижр» сүресінде Алла Тағала «Шын мәнінде Біз зікірді (Құранды) түсірдік. Енді оны өзіміз сақтаймыз» дейді. Ал қазір біз бұл иләһи кітаптың Алла уәде еткендей, сан түрлі жолдармен сақталып отырғанын көзбен көріп келеміз.
«Исра» сүресінде Алла Тағала «Шын мәнінде бұл Құран ең тура жолға бастайды. Ізгі амалдарды жасаған мүміндерді үлкен сауаппен сүйіншілейді» деп, Құранның адам баласы үшін мәні мен маңызын айтып өтеді. Демек, Құран мұсылманды ең дұрыс, ең пайдалы, ең бақытты өмірге жетелейді. Құранмен өмір сүрген адамды Алла Тағала екі өмірде қор етпейді» деді шара барысындаАтырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, Құран жарысы екі турдан тұрды. Бірінші турда қатысушылар Құранның 30 – шы парасы бойынша сынға түсті. Екінші турда «Бақара» сүресінің алғашқы 10 бетінен кез келген аятты оқып, талдау талабы қойылды.
Сайыс аясындаПайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) туралы көріністер қойылып, уағыз айтылды.Сонымен бірге, үлгілі шәкірттерге сыйлықтар табыс етілді.
Бірнеше сағатқа созылған конкурс аясында бірінші орынды Анаргүл Кенжешова жеңіп алды. Оған 80 мың теңге қаржылай сыйлық табыс етілді.  Екінші және үшінші орындарды Ақтілек Бекболат (40 мың теңге) пен Айару Амангелді (20 мың теңге) өзара бөлісті.
Барлығы он үміткер бақ сынасқан білім бәйгесі тартысты, әрі мазмұнды өтті.
Айта кету керек, конкурс аясында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар мен қасиетті Құран кітабы сыйға тартылды.