ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРУ ҮШІН АҚШАНЫ ҚАЛАЙ ЖИНАЙМЫЗ?

Жылда біз өзіміздің туыстарымызды, достарымызды, әріптестерімізді өмірлеріндегі ең ұлы сапарға - Меккеге, қажылыққа шығарып саламыз. Олардың жүздеріндегі үлкен үміт пен қуанышты көргенде бірге қуанысып, көңіліміз алып ұшып, өзіміз бара алмасақ та, дұғаларымызды жазып беріп, "Менікін оқуды ұмытып кетпеңіз" - деп тапсырып, қайта оралғанда қабыл болған дұғамызды арқалап келетіндей жолдарын асыға күтеміз. Ал өз-өзімізді: "Ештеңе етпейді, Алла қаласа, мен де сол жерге келесі жылы барармын" - деп жұбатып қоямыз. Бірақ жыл сайын олар АНДА, ал біз МҰНДА...

Өзімізді алдап қайтеміз, бір уақыт шындықтың бетіне тура қарап көрейікші. Біз Қағбаны өз көзімізбен көріп, Арафатта дұға тілеуді  шынымен қалап, соған әрекет етіп жүрміз бе?! Қолымызды қимылдатпасақ, алма піскенімен, аузымызға келіп түсе салмайтынын да өте жақсы білеміз ғой.

Қажылыққа тек ақшасы көп байлар немесе атақты адамдар ғана бармайды. Бұл сапарға Алла разылығын көздеген кез келген пенде қол жеткізе алады.

Қажылыққа тек ақшасы көп байлар немесе атақты адамдар ғана бармайды. Бұл сапарға Алла разылығын көздеген кез келген пенде қол жеткізе алады. Ол үшін тек
✔таза ниет;
✔ шынайы дұға;
✔ және ақша жинап әрекет етсеңіз ғана болғаны!
Қалғанын Алла Өзі реттеп береді! Сонымен, қажылыққа ақшаны қалай жинаймыз?

Алдымен, "ҚАЖЫЛЫҚ" деп аталатын ақша жинайтын сандық немесе конверт ашып қойыңыз. Барлық ақша сол жерге салынып отырады. Сонымен, кеттік.

БІРІНШІ, тамақты үнемдейміз)

Жо-жоқ, біз сізге мүлде тамақ ішпеңіз деп отырған жоқпыз😊 Тек бұл жолы күнде асханадан тамақ ішуді азайту керек болады.
Бұдан былай түскі асқа үйіңізден тамақ әкеліп жүріңіз. Себебі ешқандай дәмхананың тамағы бәрібір үйде жасалғандай дәмді болмайды және білінбей тұрып осының өзі көп ақшаны құртып жіберетінін сезіп отырсыз ғой енді)

Бір айдың азық-түлігін алдын-ала алып қойыңыз және 30 күнде дүкенге тек нан мен сүт секілді күнделікті заттарды алу үшін ғана барамыз деп келісім жасаңыз.

Сондай-ақ, аяғыңыз сізді жайлы креслода отырып, кофе ішуге алып бара жатқан кезде бар ерік-жігеріңізді жинап, сол жаққа жұмсағыңыз келген ақшаны "ҚАЖЫЛЫҚ" деген конвертіңізге салып қойыңыз! Сіздің қобдишаңызда кемі 500 теңге пайда болатынына сенімдіміз) Ең кемі ғой

ЕКІНШІ, ойын-сауықты сәл азайта тұру керек болады.
Әр демалыс сайын киноға, ойын-сауық орталықтарына, аттракцион парктеріне жұмсалатын қомақты ақшаны бірден "ҚАЖЫЛЫҚ" деген конвертке салсаңыз, оой онда конвертте біраз ақша болайын деп тұр))
Әрине, отбасыңызбен бірге демалуды, олармен уақыт өткізуді тыюға болмайды. Сондықтан одан гөрі арзандау болатын жерлерді іздеуіңізге тура келеді.  Мысалы, қазанға қуырдақ пісіріп, табиғатқа серуендеуге шықсаңыз немесе доп ойнасаңыз, тауға шықсаңыз, міне осы секілді нәрселерге ақша әлдеқайда аз кетеді. Есесіне, бұл денсаулыққа да пайдалы болады әрі уақытыңыз өте қызықты өтеді!

ҮШІНШІ, киім, косметика, ұсақ-түйектерді сатып аларда жақсылап тұрып ойланыңыз!
Егер арманыңыздың шын орындалғанын қаласаңыз,  онда сізге минималист болуға тура келеді.
Әйел адамдарды "сауда-саттықты жүргізуші күш" деп атаған екен ғой негізі🙂 Ол рас енді. Біздің кейбір киімдеріміздің он шақты түрі бар болуы да мүмкін. Шкафымызды ашып қарайықшы. «Енді ол жасыл болған, мен қызылын алғым келіп тұр», «менде сарысы бар еді ғой, мына қыз аппағын тағып алыпты, әдемі екен, мен де аппағын алайыншы!»
Осындай оймен (өзіміз де байқамай) артығымен алған киімдеріміз өте көп. Ал бұл білінбей тұрып біздің қажылыққа бару деп аталатын арманымызды бізден алыстатып жатыр...
Бір нәрсені сатып аларда жақсылап ойланыңыз: осы крем маған шынымен де дәл қазір керек пе? Әлде сатып алынғанынан кейін басқа да ұсақ-түйектер сияқты бастапқы орнынан жылжымай тұра ма?
Егер керек болса, алыңыз. Ал... басқа да жолдары болса, оны да көруге болады😊

ТӨРТІНШІ, «мәә акция болып жатыр екен, алып қалу керек!»
«Мына телефонды қарызға алып болса да алып алайықшы»
Өстіп жүріп алып қоятын заттарымыз көп. Және көп ақша соған кетіп жатыр.
Қажылыққа жолдаманың жарты сомасындай болатын теледидар, тура осындай бағадағы ас үй немесе жатын бөлме жиһазы. Біз бұндай техника мен жиһаз үшін ойланбастан ақша құрта аламыз да, ал Меккеге жолдаманың бағасы бірнеше мың теңгеге жоғарылап кетсе, қынжылыс білдіреміз. Айтпақшы, дүкендерде жасалатын бірнеше пайыздық жеңілдіктер тек бүгін ғана ұйымдастырылып жатқан жоқ және соңғысы да емес. Алла нәсіп етсе, Қажылықтан келгеннен кейін одан да жақсысына кез болатындығыңызға сөз бере аламыз✊

Егер шынымен жақын арада қажылыққа барғыңыз келсе, онда сізге қонақ бөлмеге жаңа диван сатып алудан, жуынатын бөлмеге жөндеу жұмыстарын жүргізуден уақытша бас тарту керек болады. Осындай жайттарға барынша  дайын болып, ақылға салып, өзіңіздің ұлы мақсатыңыздың орындалуына бір қадам жақындай түсіңіз!

Сіз қажылыққа жинап жүрген ақшаңызды толықтыру үшін өз Айфоныңызды сата аласыз ба? Ихрам киімін кию үшін қымбат автокөліктен бас тартып, шығыны аз, өзі арзан көлікке ауыса аласыз ба?
Егер осы сұрақтардың жауабы оң болса, онда Жаратушымыз сіз қасиетті мекеннен келгеннен кейін де сізді осы өмірдің игілігінен тыйып қоймайтынына сенімді болыңыз!

Ал егер жоғарыдағы сұрақтарға жауап берер кезде жүрегіңізде сенімсіздік басым болатын болса, онда көбірек насихат тыңдап, біліміңізді жетілдіре түсіңіз.

Ал, кеттік.
Сәттілік!
Алла осы жылы сізді «Өзінің қонағы» болуға жазсын!