Исламтанушы Мәди Ахмедов Жылыойда жұма намазын жүргізіп, уағыз айтты

14 ақпан, 2020 жыл.    Дәстүрлі исламды насихаттау,  экстремизм мен терроризм идеялары таралуының алдын алу, жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған Республикалық ақпараттық - насихат тобының мүшесі, Алматы қаласы Алатау ауданының Бас имамы Мәди Ахмедов Атырау өңіріне сапары аясында Жылыой ауданына келді.
Жергілікті жамағатпен жұма намазында кездесіп, келелі уағыз насихат жүргізді.  
"Күмбезі ұзақтан көз тартатын мешіттерді қай тұрғыдан алсақ та, әр пендеге жақсы ой мен ізгілікті амалдарды еске салатыны белгілі. Мешіттен аттап өтуге ешкімнің жүрегі дауаламайтыны да сондықтан. Олай болса, мешіттеріміздің мұсылман жамағатқа толуы еліміздің мерейін, берекесін арттырар амалдардан болып табылатынын ескере жүргеніміз абзал,- деді исламтанушы Мәди Ахмедов  "Мешіт имандылық ұясы" тақырыбында айтқан уағыз барысында.
«Кімде-кім мешітке кірсе және оны онда ұстап тұрған нәрсе намазы болса, онда ол адам намазда болып есептеледі. Сендердің біреулерің намаз оқыған жерінен тұрып кетпейінше, періштелер оған:
Уа, Алла! Оны мейіріміңе бөле
Уа, Алла! Оны кешіріп, жарылқа
Уа, Алла! Оның тәубесін қабыл ет – деп тілейді. Сондай-ақ періштелердің дұғалары ол адам сол отырысында біреуге азар беріп қоймайынша немесе дәреті бұзылмайынша жалғаса береді» - деген.
Сондықтан Алланың бізге нәсіп еткен тыныштығын сақтап, бөліну мен алауыздықтан сақтанайық!» деп нақтылады сөзін Республикалық ақпараттық - насихат тобының мүшесі Мәди Ахмедов.