Ұстаз Сансызбай Құрбанұлы зәулім бейіттер салудан тыйылуға шақырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің басшысы Сансызбай Құрбанұлының пікірінше, жаназадағы ысырапшылдықтан арылуда имамдарға табандылық керек. «Мұндай табандылық болу үшін ақсақалдардың әркез имамдарға қолдауы қажет. Қазақ әу бастан үлкендердің сөзіне тоқтаған халық. Сондықтан, ақсақалдардың сөзі бұл мәселеде де тыңдаусыз қалмайды» деді ұстаз Сансызбай Құрбанұлы.
Ұстаз өз сөзінде бұқаранызәулім бейіттер салудан тыйылуға шақырды. «Көкпен таласқан бейіттерді көбейте берсек, жерімізді қабірстанға айналдырып аламыз. Қорым қоршалуы керек. Бірақ, мұның барлығы шариғат шеңберінен аспағаны абзал. Қазіргі уақытта Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы пантеондар мәселесіне де ерекше назар аударып жатыр. Біздің ұстанымымыз – қабірстан әркез қарапайымдылықтан, шариғат шеңберінен аспауы керек» деді ұстаз Атырауда «Жаназа және жерлеу рәсімдерінде ысырапқа жол бермеу» тақырыбымен өткен «дөңгелек үстел» барысында.
Еске сала кетелік, бүгін Атырауда аймақ имамдары, ардагерлер және зиялы қауым өкілдері жаназа және жерлеу рәсімдері кезіндегі ысырапшылдықтан арылуға шақыратын Үндеу қабылдады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің басшысы Сансызбай Құрбанұлы,Атырау облысы дін істері басқармасының өкілі Қаһарман Рахметұлы арнайы қатысқан алқалы жиынды Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жүргізді.
Қала, аудан имамдарының қатысуымен өткен мәжіліске Ұлы Отан соғысының ардагерлері Айдын Айбаров, Орынғали Қарасаев, мемлекет және қоғам қайраткері Есен Тасқынбаев, Атырау облысы соғыс және еңбек ардагерлері төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері төрағасы Әліпқали Бекеш, белгілі меценат, дін жанашыры Төкен Жұмағұлов құрметті қонақ ретінде шақырылды.