Қарапайымдылық

Біздерді жоқтан бар еткен, сансыз нығметтер берген Ұлы Жаратушымыз Алла Тағалаға шүкірлер болсын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-ға Алланың сәлемі, жақсылығы болсын. 
Кішіпейілділік пен қарапайымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттерден. Бұл ізгі қасиеттер пайғамбарлардың мұрасы.
Қарапайымдылық – өзін басқалардан бір саты төмен көрмеу деген сөз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Қарапайым адам – табысын халалдан табатын, мінезі жақсы, адамдармен жұмсақ мәміледе болатын және ешкімге жамандық жасамайтын, өте жақсы адам», –деген хадисінде Алла Тағала қарапайым адамның абыройын арттырып, беделін көтеретіндігі жайлы баяндаған.
Алла Тағала қасиетті Құранда «Жер жүзінде дандайсып жүрме. Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың, бой жағынан да тауларға жете алмайсың» («Исра» сүресі 37-аят) деп адам баласын тәкәппарлықтан ұзақ болуға бұсырады. Себебі тәкаппарлық, қарапайымдылықтың теріс ұғымы. Шынында, адам баласы биік-биік таулар мен аяғының астына төселген ұшы қиыры жоқ жерге қарап, қарапайымдылықты үйренуі керек.
        Қарапайымдылық пен көркем мінезде пайғамбарымыздан (с.а.у.) асқан жанжоқ. Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.у.) ол тақыр жерге отыра салатын. Құлдармен, пақырлармен, кедей-кепшікпен тең дәрежеде әңгімелесетін. Үй жұмыстарында әйелдеріне көмектесетін. Сахабаларына да жәрдем беретін. Оның (с.а.у.) әзіз болмысы одан басқа Ізгі қасиеттерге толы болатын.
Қоғаммен қатынастағы қарапайымдылық
        Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) аурулардың жағдайын сұрап, жаназаларға қатысатын болған. Үлкен-кіші, бай-кедейлердің әрқайсысының шақырғанын қабыл еткен. Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардың бойында қатал патшаларда болмайтын үш ерекшелік бар. Есекке мінеді. Кім шақырса соған барады. Жерге түскен құрманы сүртіп алып жейді».
Алла елшісі қасында отырған адамның ыңғайсыздықтан дірілдегенін байқап: «Өзіңді еркін ұста, мен патша емеспін. Мен күнге кептірілген етті жеген кұрайыштық әйелдің ұлымын», – деген. Міне, пайғамбарымыз (с.а.у.) кез-келген адаммен қарым-қатынасы осындай болған.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөзінде біз үшін үлкен өнегелі өсиет жатыр. Сондықтан оның ғұмырын үлгі етіп, тәкаппарлықтан ұзақ болғанымыз дұрыс. Сонда ғана Ұлы Алла Тағала алдында құл екенімізді сезіне алған болар едік. Олай болса, Алла елшісінің: «Жүрегінде кішкентай да тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кіре алмайды», – деген мағыналы хадисін әр кез жүректің төрінде сақтағанымыз дұрыс.
Киім киюдегі қарапайымдылық
Әз. Мұхаммедтің (с.а.у.) тәрбиесін көрген Әлидің (р.а.) қарапайымдылыққа жақын болмауы мүмкін емес еді. Ол Ислам үшін қаншама шайқастарда қолбасшылық жасап, жеңіске жетіп жүрген кезінде де, алып мемлекетті басқарған кезінде де қарапайымдылығынан танбады. Харун ибн Ғантара (р.а.) былай дейді: «Мен Әли ибн әбу Талиб Куфада болғанда оның алдына кірдім. Оның ескі түкті матаға оранып суықтан дірілдеп отырғанын көрдім де оған: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Алла саған және сенің отбасыңа мына мүлікке рұқсат берді, ал сен неге бұлай етесің?!» – дедім. Сонда ол: «Алламен ант етейін, мен сендердің мүліктеріңнен ешнәрсе алмаймын. Ал мына матаны Мединеден өзіммен бірге алып келдім», – деп жауап берді». 
Ал сахаба Омар (оған Алла разы болсын): «Екі түрлі киімдерің болсын, бірі сәнді, екіншісі қарапайым. Киімнің сәулетті, таза болуы адамның абыройын көрсетеді», – деген. Ескі немесе жаңа киім кию ниетке қарай жақсы немесе жаман болады. Мубах болған істерде ниет маңызды. Ниет жақсы болса – сауап, жаман болса күнә болады.
Тамақтанудағы қарапайымдылық
Алла Тағаланың адам баласына берген ең үлкен нығметтерінің бірі – тағам мен сусын. Жаратушы бұйрығымен Адам ата ұрпағы осы су мен астың арқасында тіршілікке қабілетті. Мұнсыз адам тәні өледі. Алла Тағала Құранда: «Әй, Адам баласы! Әрбір құлшылықтарыңның орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер), жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Күдіксіз, Алла ысырап етушілерді сүймейді» (Аъраф сүресі 31-аят) деп ескертеді. Яғни, мұсылман адам ішіп-жегенде біріншісі – ысырапқа жол бермеу, екіншісі – тек халал тағамнан жеуі тиіс.. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жалғыз тамақтанбайтын болған және «Екі (адамның) тамағы үшеуге жетеді, үшеудің тамағы төртеуге жетеді», – деген. Әрбір мұсылман тамақты ауызға алмас бұрын «Бисмилляһ», яғни, «Алланың атымен бастаймын» деп айтуы қажет. Алла елшісі: «Кімде-кім тамақ жесе – оң қолымен жесін, сусын ішсе – оң қолымен ішсін, өйткені, шайтан (тағамды) сол қолымен жейді және (сусынды да) сол қолымен ішеді», – деп айтқан. Тағамды әркім өз алдынан жеуі керек.
Барша мұсылмандардың анасы хазреті Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің алдына тамақ әкелдім. Мен ол кісіге: «Жантайып ішіңіз! Жантайып ішкен өте жақсы», – дедім. Сонда Алла елшісі басын иді. Қай жерде болса да маңдайы сәждеде болатын. Сосын маған былай деді: «Құл қалай жесе, мен де отырып ішемін, тек жатып емес». «Өмірінің соңына дейін пайғамбардың (с.а.у.) жантайып ішкенін көрген жоқпын».
Алла Тағала біздерді пайғамбарымыз (с.а.у.)ның мінезіне лайықты болуды нәсіп етсін.  (Әмин)
«Жылыой мұсылмандар»
Мешітінің найб имамы:                          Н. Ибайдуллаев