«Берекелі Зүлхиджа айынан құр қалма!»

Мұсылман күнтізбесіндегі он екі айдың төртеуі қасиетті айлар болып табылады. Бұл жөнінде Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 36-аятында былай дейді:«Тегінде аспан мен жер жаратылған күннен бастап Алла айдың санын он екі етіп белгілеген. Оның төртеуі (Зулқағда, Зүлхиджа, Мухаррам, Режеп) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар».Сонымен қатар, Жаратқан Раббымыз келесі аятта былай деген:«Ағарған таңға, Құрбан айының алғашқы он кешіне серт».(«Фәжр» сүресі, 1,2-аяттар)
Міне, жоғарыдағы аяттарда аты аталып, қадірі ерекшеленген айлардың бірі ол – Зүлхиджа айы 22 шілдеде кіреді. Бұл ай өз ішіне ұлық мерекеміз – Құрбан мейрамын, арафа, тәруия және ташриқ күндерін қамтыған. Яғни айтқанда, Зүлхиджа айының сегізінші күні «Тәруия» күні, тоғызыншы күні «Арафа» күні, ал оныншы күні қасиетті де қадірлі «Құрбан» айттың алғашқы күні. Бұл күнді «яумун-наһр» деп те атайды. Ал, құрбан айттың қалған күндерін «Әййәмут-ташриқ» яғни, «ташриқ күндері» делінеді.
Айт күндері барша мұсылман қауым құрбан шалумен қатар Аллаға мақтау-мадақ айтып, қасиетті мерекенің мазмұнын кіргізе түседі. Бұл жөніндесүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Алла Тағала құзырында Зүлхиджа айының он күнінде жасалған ізгі амалдан абзалырақ әрі сүйкімдірек игі іс жоқ. Ол күндері тасбихты (субханаллаһ), тахмидты (алхамдулиллаһ), таһлилді (лә иләәһа иллаллаһ), такбирді (Аллаһу акбар) көбейтіңдер»,- деп айтқан.
Зүлхиджа айының алғашқы тоғыз күнін нәпіл оразамен, құлшылық амалдармен өткізу сауапты амал. Өйткені, алғашқы он күнді игі амалдармен өткізу жайында Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) көптеген хадистер келген. Соның бірінде Алла Елшісі (с.ғ.с.):«Зүлхиджадағы ұсталған әрбір күннің оразасы бір жылдық оразаның сауабына тең. Ондағы құлшылықпен өткен бір түн – Қадір түнін ғибадатпен өткізгендей», - десежәне бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Бұл он күннің жақсылығы мен берекетінен мақұрым қалған жанға нендей өкініш?! Сондықтан, тоғызыншы (арафа) күнді оразамен өткізіңдер. Ол күнде сондай көп жақсылықтар бар, оны санап тауысу мүмкін емес»,- деп айтқан.
Сахаба Әбу Дәрда (р.а.) қасиетті он күн жайында: «Зүлхиджаның алғашқы тоғыз күнінде ораза ұстау, мол садақа беру, көбірек дұға мен истиғфар (тәубе жасап, кешірім) сұрау қажет. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл он күннің жақсылығы мен берекетінен мақұрым қалған жанға нендей өкініш?!» - деп айтқан болатын. Шынында Зүлхиджа айының алғашқы тоғыз күнінде ораза ұстаған адамның өмірі берекетті болады, дүние-мүлкі артады, бала-шағасы пәлекеттерден қорғалады, күнәлары кешіріледі, жасаған жақысылықтарына есе-есе сауап жазылады, соңғы демінде жаны жеңіл шығады, қабірі нұрланады, таразыда сауабы ауыр тартады және жәннатта жоғары дәрежелерге жетеді», - деген екен.
Демек сауабы мол болған берекелі күндерді құр өткізбей, хадистерде аталған игіліктерге бөлену үшін құлшылық-ғибадаттарға ден қойған жөн болады. Себебі, хадис шарифте былай делінген:«Алла Тағала ғибадаттардың ішінде Зүлхиджа айының алғашқы он күнінде жасаған құлшылықтарды жақсы көреді. Бұл күндері тұтылған оразаға бір жылдық нәпіл оразаның сауабы беріледі...».Ал басқа хадистерде: «Арафа күні ұсталған ораза өткен және келешектегі жасаған тәубесінің қабыл болуына себепкер болады»; «Арапа күнін құрмет етіңіздер! Өйткені, арапа Алла Тағаланың құрметтеген күні. Арапа кешін ғибадатпен өткізгендер жәһаннам азабынан азат етіледі»,- деген.
Естеріңізге сала кетейік, Зүлхиджа айының оныншы күні мұсылман жұртышылығының Құрбан айт мерекесі болғандықтан бұл күні ешқандай ораза ұстауға болмайды. Олай болса, ағайын қасиетті Зүлхиджа айының алғашқы он күндігі де басталды. Дана бабаларымыздан «Әр келгенді Қыдыр біл, әр түніңді қадір біл» деген қанатты сөз қалған. Бүгінгі күннің ертең қайта айналып келмесі баршаға анық. Сол үшін күнделікті дүние істерімізбен қатар, ақыретімізге азық болар сауапты істерге және құлшылық амалдарға да ден қоюды естен шығармайық.
«Қапан қажы» мешітінің имамы  Ыбыраш Жамбыл Демеуұлы