Рабиул-әууәл айы несімен қасиетті

18-қазанында мұсылман ай күнтізбесінің үшінші айы Рабиул-әууәл басталды. Рабиул-әууәл айы несімен әйгілі? Көпшілік мақұлдаған пікірге сәйкес, дәл осы айда Раббымыздың соңғы Пайғамбары әрі Елшісі, «Пайғамбарлардың мөрі», «Әлемдерге жіберілген Рақым» Пайғамбарымыз Мұхаммед, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, дүниеге келді.
Оның келуімен ешқандай дәнекерсіз және белгілі бір беделге ие діндар адамдарсыз Жаратушыңмен тікелей тілдесуге болатын бір Құдайға сену дәстүрі жаңғырып, жаңа ғұмырға ие болды.
Ол пайда болған кезде бұрынғы монотеизмдік діндер құлдырап, күші тайған болатын. Иудаизм діні еврейлер өз мемлекетінен айрылған сәттен бастап «таңдаулы» халыққа ғана, өз қандастарына ғана арналған ұлттық идеологияға айналды. Христиан діні Исаның (оған Алланың сәлемі болсын) негізгі түпнұсқа ілімін бұрмалап, шіркеу қызметкерлерінің (олар Құдай мен адамдардың арасындағы дәнекер болып саналды) күрделі иерархиясы мен көптеген салт-жоралардан тұратын, ілімі былығып кеткен мемлекеттік дінге айналды. Ол кездері өркениетті әлемде Византия және Парсы империялары үстемдік етіп отырды. Сол өлкелерде жеке тұлға мемлекет тарапынан жаншылып, қолында билігі бар жандардың еркіне түгелдей тәуелді болды. Сондықтан, жаңа уахи түскеннен кейін адамдарға Құдаймен жеке тілдесу мүмкіндігі туып қана қоймай, барлығына бірдей әділдікпен қарайтын әлдеқайда әділетті қоғам құруға деген үміт сәулесі тұтанды.
Бастапқы ғасырлардағы мұсылмандар бұл айға ерекше мән бермейтін. Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген махаббат пен ол жайлы естеліктер мұсылман үмбетінің арасында әлі де ұмытылмаған болатын. Алайда, уақыт өте келе мұсылмандар, әсіресе, қарабайыр адамдар оның өмірі мен ілімі жайлы егжей-тегжейлі мәліметтерді ұмыта бастады. Сондықтан, сол жайлы білімді жаңғырту мақсатында мұсылман әміршілер мен ғұламалар осы айда мәуліт секілді іс-шараларды өткізуді жөн деп тапты. Мәуліт – екі әлемнің Мырзасының бұл дүниеге келуіне арналған ерекше мереке. Ең алғаш мәуліттің 12-ғасырда (хижра бойынша 9-ғасырда) Сириядағы Ирбиль аймағының билеушісі Музаффауддин ибн Зейнуддиннің әмірімен тойлана бастағаны белгілі. Ол ең бірінші мәулітті өткізу үшін хадистерді жақсы білетін танымал ғұламалар мен сопылардың басын қосқан.
Бұл мерекені тойлау кезінде әдетте сира мен Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген кезде орын алған ғажайып оқиғалар баяндалатын хадистер оқылады. Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ізгі қасиеттері және оған салауат айту қажеттігі мазмұндалатын Құран аяттары оқылады. Көптеген жағдайларда оған салауат айтылып, нашидтер шырқалады.
Имам Ибн Хәджәр Әсқаләни немесе имам Суюты сияқты өз заманының ғұламалары мәулітке «бид’ә хәсәнә», яғни, жақсы, игі жаңалық деген баға беріп, оны мақұлдаған. 19-ғасырда (хижраның 13-ғасырында) өмір сүрген әйгілі үнді ғұламасы Абдуль-Хай Ләқнауи (Алла оны рақымына бөлесін) секілді кейінірек заманның ғұламалары да мәулітке рұқсат етілетіні жайлы пәтуа шығарған.
«Біз бастапқы үш буынның заманында мәуліт болмағанына және мәуліт жайлы қағидалар имам-муджтахидтерден риуаят етілмегеніне келіссек те, Шариғатта ілім таратуға септігін тигізетін кез келген амал мүстахап деген қағида бар болғандықтан (мәуліт сондай амалға жатады), оның абзал екендігі жайлы үкім шығарылды. Сол себепті де, Әбу Шама, Хафиз ибн Хәджәр, Суюты, Шами (Ибн Әбидин) сияқты пәтуа шығаруға құқылы болған ілімді заңтанушылар мен ғұламалар, Алла олардың баршасын Өз рақымына бөлесін, бұл амалдың абзал екендігі жайлы пәтуа шығарды.
Бірақ, мәулітке тыйым салынған дағдылар мен ерекшеліктер енгізілетін болса, бұл амал абзал болудан қалады. Алайда, мұның жалпы мәуліттің рұқсат екеніне қатысы болмайды».
[«Мәджмуа әл-Фәтәуә», 2/160-163]
Қорытындылай келе, бауырларымыз мен әпке-қарындастарымыздың есіне мынаны салып өткіміз келеді: Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келуіне байланысты қуанышымыз мерекелік іс-шараларды өткізумен шектелмеуі тиіс. Адамдар концертке баратындай нашид, лекция және уағыз тыңдап, сөйлесу үшін немесе тіпті дәмді тамақ жеу үшін жиналмауы тиіс. Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілік бір реттік, бір жолғы ғана болмауы керек. Біз оған деген махаббатымызды жыл бойы көрсетіп жүруіміз тиіс: әдемі сөздермен ғана емес, ең алдымен мінез-құлығымызбен, амалдарымызбен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тәрізді басқаларға мейірімділікпен қарап, қол ұшын беріп, қиындықта дәл сол сияқты сабырлы болып, құлшылықта ынта танытып, жұмсақ әрі ізгі мінезді болып; ашу-ызадан, ғайбат айтудан, дөрекіліктен, еріншектіктен арылуымыз қажет.
Әне, сонда ғана біз Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аңсағандай, ең қайырлы үмбет һәм оның жолын жалғастыратын лайықты ізбасар боламыз. Лайым Алла бізге бұл істе жәрдем бергей.
«Қапан қажы» мешітінің имамы Жамбыл Демеу ұлы