Атырауда әйел жамағаты Алланың 99 есімін жатқа айтты

Аймақтық деңгейде өткен бәйгені Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер – қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырды.
Барлығы он төрт үміткер өзара бақ сынасқан конкурстың басты талабы – Алланың 99 есімін жатқа және мағынасымен айту болды.
Тартысты өткен рухани бәсекеде бірінші орын Аружан Талапқа бұйырды.
Екінші және үшінші орындарды Ұлмекен Герценқызы мен Әсел Темірбаева өзара бөлісті.
“Қазақта «Ер бұзылса отбасы бұзылады, әйел бұзылса ел бұзылады» деп тегін айтылмаса керек. Болашақ аналарымыз жан жақты ибалы, білімді болып өссе ол елдің болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Алла еліміздің болашағын баянды етсін” деді қатысушыларды марапаттаған Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Айта кету керек, жүлдегерлермен бірге, қатысушылардың барлығы қаржылай сыйлықпен және арнайы кітаптармен марапатталды.