Соңғы он жылда мүфтиятқа қарасты колледждер 2328 діни маман дайындап шығарды

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен «Бөлім сағаты» жобасы аясында ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің жұмысы есебі тыңдалды.
Бөлім меңгерушісі Смайыл Сейітбеков діни сауат ашу курстары, талапкерлер әзірлейтін дайындық курстары, Құран сүрелерін жаттау курстары, қарилар дайындау орталықтары, Ислам институты, жоғары оқу орны, медресе-колледждер жұмысы туралы атқарылған іс-шаралардың есебін Бас мүфтиге баяндап берді.
Бүгінде ҚМДБ-ға қарасты 6 Қарилар дайындау орталығы бар. 2020 жылы 24 қари осы орталықты бітіріп шықты. ҚМДБ-ға қарасты 9 медресе-колледжде 2010-2020 жылдар аралығында 2328 шәкірт білім алып, оларға диплом табысталды.
2001 жылы ашылған «Нұр-Мүбарак» университетінде осыған дейін 2059 студент оқуын аяқтап, дипломын алды. 2012 жылы аталған оқу орнында докторантура ашылды. ҚМДБ-ға қарасты Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты 2002 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Институтта осыған дейін 1257 имам білімін шыңдады.
Бөлімнің жұмыс есебін тыңдаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сапалы діни кадр дайындау мәселесіне баса назар аударды. «Діни білім және кадр дайындау бөлімі – Діни басқармадағы негізгі бөлімдердің бірі. Біз шәкірттердің ғылыми жобалармен айналысуына, өнертапқыш студенттердің халықаралық байқауларға қатысуына өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетуіміз тиіс.
Сонымен қатар үздік шәкірттер мен толық жетім, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттерге шәкіртақы беру қайырымдылық жобасын үнемі жалғастыруымыз керек. Діни басқарманың 30 жылдық мерейтойына орай 30 шәкіртке берілген грантты келесі жылы да тоқтатпауымыз керек. Жұмыс барысында сапалы діни кадр даярлауға баса назар аударылсын» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жиын соңында бөлім меңгерушісіне нақты тапсырмалар берілді.