Ғайбат

Адам баласы өте нәзік әрі әлсіз жаратылыс. Бұл оның сыртқы формасына қатысты емес, ішкі жан-дүниесіндегі нәпсімен мәмілесіне қатысты мәселе. Нәпсіні тәрбиелеу үшін көптеген ғалымдар, әулиелер, тақуалар өздеріне шарттар қойып отырған. Олар адамның әлсіз тұстарын білген. Сөйтіп өз-өздерін бақылауда ұстаған. 
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өсиеттерінің бірінде: «Сендер екі бұттарыңдағы мен ауыздарыңдағыға сақ болыңдар», - деп ишарат еткен делінеді. Осы жерде Расулуллаһ адам баласының нәпсісіне байланысты ең басты мәселені айтып кеткен. Оның біреуі – әрине тілден келетін кесір-кесапаттар. Расулуллаһ тағы бір хадисінде: «Мұсылман мұсылманға тілімен де, қолымен де зиян тигізбейді» ,- деген. Әрине кейбір кездерде сөйлеуге рұқсат етілген. Ел арасында дауды шешуге, екі адамды татуластыруға, тағысын тағы игі мақсаттарда сөйлеуге рұқсат. Алайда мұсылман баласы оңды-солды дақпыртқа салына алмайды. Себебі басқа адамды сөгу – ғайбат. Оның бойындағы кемшілікті жария етіп немесе оның ар-ожданына тиетін сөздерді оның көзінен тыс жерде айту – үлкен күнә. Бірде сахабалармен мәжілісте отырған Аллаһ елшісі: «Қияметте адамдар тақаманың үлкендігіндей сауаппен келеді, алайда Аллаһ субхана уа тағала оны қабыл етпейді»,-дейді. Сонда үрейленген сахаба Сәлім Хұзафа (оған Аллаһ разы болсын): «Уа, Аллаһтың елшісі! Ол сормаңдай болған кімдер? Аңдаусызда солардың бірі мен болып қалмайын», – дейді. Сонда Аллаһ елшісі:« Әй, Сәлім, олар ел қатарлы ораза ұстайды, намаз да оқиды. Алайда харамға тап келгенде Жаратушыдан қорықпайды. Міне, осындайлардың амалын Аллаһ қабыл етпейді», - дейді. 
Қазақтан шыққан кемеңгер Абай Құнанбайұлы өзінің өлең жолдарында да: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз», - деп, нағыз дұшпан осылар дей келе бұндай істерден аулақ болуды үндейді. Қазақ атамыз «Тау мен тасты сел бұзар, Адамзатты сөз бұзар», - ықылым заманнан бері тіл тәрбиесіне аса мән берген. Аталар салған сара жолдан айнымай, құран көрсеткен нұрлы жолдан таймайық. Аллаһ тағала бәрімізге хидаят, тауфиқ беріп, тура жолға бастасын!
Доссор мұсылмандар мешітінің азаншысы Күбірбаев Самат