Атырауда жұма намазына қай уақытта рұқсат берілуі мүмкін екендігі белгілі болды

Атырау облысы “жасыл аймаққа” енген жағдайда, мешіттеріміз кез-келген уақытта жұма намазына дайын болуы қажет.
Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Аппарат жиналысында берген тапсырмаларын орындау мәселелері көтерілген жиында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы айтты. Оған Атырау облысына қарасты барлық мешіт имамдары қатысты.
” Сол себепті, мешіттерде санитарлық талаптар қатаң сақталуы басты назарда болуы тиіс.
Антисептикалық заттардың мешіттерде орнатылуы және дезинфекциялық жұмыстардың жиі жасалуын тапсырамын” деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Және уағыз-насихат бағытындағы шараларды күшейту, жаңа медиа мүмкіндіктерін максималды түрде пайдалану, мешіт қызметкерлерінің жалақы мәселесін шешу мәселелері де көтерілді.
Айта кетсек, ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордада Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен арнайы кездесіп, осы мәселені талқылаған болатын. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовпен кездесуде Бас мүфти коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қауіпсіз «жасыл аймақта» орналасқан өңірлердегі мешіттерде жұма намазын оқуға рұқсат беру туралы ұсынысын жеткізген еді.
Бүгінде мешіттерде профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар қатаң сақталып келеді. Осыған орай, алдағы жұма күні қауіпсіз «жасыл аймақта» орналасқан ауылдық мешіттерде санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұма намазы оқылмақ.