Атырау: мешіт имамдары күн сайын тікелей эфирде уағыз жүргізеді

Уағыз – насихат бағытындағы жұмыстар ауқымды тақырыптарды қозғайтын болады. Ихсан ілімі, дін мен дәстүр және асыл дініміздің құндылығын дәріптеу мақсатындағы уағыздарға облыс, қаламен бірге, аудан, ауыл имамдары, ұстаздары атсалысады.
Мәселен, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы 15 ақпан күні “Ғалымдардың исламдағы мәртебесі” тақырыбында, орталық “Иманғали” мешітінің ұстазы Ерболат Боханов “Намаз – ұлы құлшылық” тақырыбында уағыз айтады.
Тілден келетін кесапат, ақырет, кәсіп жасаудағы адалдық мәселелері, азан шақырудың исламдағы ролі сынды тақырыптар алдағы уағыздардың негізгі өзегіне айналмақ.
Орталық “Иманғали” мешітінің медиа орталығы базасында жүргізілетін уағыз-насихат “Иманғали” мешітінің ютуб арнасындағы ресми каналында, инстаграм желісіндегі @amin.kz_atyrau парақшасында тікелей эфирде және қала, аудан, ауыл мешіттерінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында көрсетілетін болады.
Тікелей эфир барысында желі қолданушылары байланысқа шығып, сауалдарын жолдай алады.