Намаздың парыздары немесе уәжіптері орындалмаған жағдайда не болады?

Сұрақ: Ассаламуалайкум. Менім сұрағым намазға қатысты. Кейде намазды оқып жатып ішкі рүкіндерінен, арасында сөздерін ұмытып қателесіп орындамай қоятын кездерім болады. Осындай жағдайда не істеуім керек? Намазымды қайта оқиын ба, әлде сәһу сәждесін жасайын ба? Жауап: Уа алайкум ассалам. Сұрағыңыз өте орынды. Қазіргі таңда жаңадан намаз бастаған адамдар саны жетерлік, олар намаз барысында қате жіберіп қойып не істерін білмей сол үшін намазын қайта оқып жатады. Әр қандай қате үшін намазды қайталап оқи беру адамды жалықтырып, намазға деген құлшынысын шайып жіберуі мүмкін. Сол себепті сізге түсініктірек болуы үшін намаздың неден тұратынына және қай кезде бұзылатынына тоқталып кетейік. Жалпы намаздың намаз болуы үшін міндетті түрде орындалуы керек екі нәрсе бар: бірі парыз, екіншісі уәжіп. Егер бұл екеуі сақталмаса намаз дұрыс болып есептелмейді. Ол үшін парыз бен уәжіптің не екеніне бір тоқталайық. Ханафи мазхабы ғалымдарының көзқарасында парыз деген–еш бір күмәнді қабылдамайтын кескін дәлелменен (яғни, Құран аяты немесе мутауатир хадис) бекітілген нәрсе. Мысалға: намаз, ораза т.б. Оны әдейі жоққа шығарушы кәпір атанып, діннен шығады. Ал уәжіп болса–қуаты жағынан сәл әлсіздеу дәлелмен (яғни, мағынасы басқаша қабылдануы мүмкін аят немесе мутауатир дәрежесіне жетпеген сахих хадис) бекітілген нәрсе. Мысалға: үтір намазы, айт намаздары т.б. оны адейі жоққа шығарған адам кәпір болмайды, алайда: пасық, күнәхар, шектен шыққан деген жаман атқа ие болады. Екеуінің негізгі айырмашылығы – бекітілген дәлелдерінің қуаттылығында. Ұқсас тұстары – екеуі де міндетті түрде орындалуы керек. Орындалмаулары күнә болады. Намаздың да ішінде парыз амалдары мен уәжіп амалдары бар. Намаздың ішіндегі айырмашылықтары: Намаздың парыздары орындалмаса, ешбір себепсіз тасталған жағдайда намаз бұзылады, дұрыс емес деп есептелінеді. Бұл кезде намазды қайта оқуымыз керек. Ал егер уәжіп бұзылса, онда намаздың соңында саху сәждесін ғана жасауымыз жеткілікті. Намаздағы парыздар ішкі жіне сыртқы болып екіге бөлінеді; Сыртқы парыздар, яғни намазға дейін орындалуы керек шарттар. Намаз оқитын жердің тазалығы, Ғұсыл дәреті мен бой дәретінің болуы, Әурет жерінің жабық болуы, Қыбылаға қарау, Уақыттың кіруі, Ниет ету. Бұл алтауы болса намазға кірісе беруге болады. Ал егер толмаса толықтыру керек болады. Ішкі парыздар, намаздың негізгі бағаналары. Бұларсыз намаз намаз болмайды, олар: Ифтитах такбиры, ол намазға кіргендігін білдіретін ең бірінші «Алла» деген такбиры. Қиям, намаздағы аяққа тік тұру, Қырағат, намаздағы Құран аяттарын оқу, Рукуғ, намаздағы еңкею, Сәжде жасау, Соңғы отырыс. Осы он екі парыз орындалса намаз намаз болып есептеледі. Кейін оны уәжіп, сүннет, мұстахабтармен толықтыруымыз керек. Осы он екісі толық болса намазды қайта оқу қажет емес. Намаздың уәжіптері: Намазға кіргенде «Алла» Деп қана шектелместен, оның қасына ұлықтығын көрсететін «Акбар» сөзін қосу, Намазда «Фатиха» сүресін оқу, Парыз болған Құранның оқылуы алғашқы екі ракаатта болуы, Намаздың алғашқы екі ракаатында «Фатиханы» бір рет оқып, қайталамау. Парыз намазының алғаш екі ракаатында «Фатихадан» соң қосымша сүре оқу. «Фатиханы» қосымша сүренің алдында оқу. Бесін, асыр намаздарын, жіне күндізгі сүннет намаздарды іштен оқу. Жамағатпен оқылатын таңғы, ақшам, намаздарының алғашқы екі ракааты дауысталып, кейінгі ракааттары іштен оқылуы. Үтір намазының құнұт дұғасын оқу, Сәждеде маңдай мен мұрынның бірдей тиуі, Үш не төрт ракааттық намаздарда екі ракааттан кейінгі алғашқы отырыс. Отырыстағы «әт-тахият» дұғасын оқу. Намаз біткенде бірінші оң жаққа берілетін сәлем және т.б. Егер бұл айтылғандар тәрк етілген болса, немесе жаңылыс болса онда намаздың ең соңында қосымша екі ракаат «саху» сәжде жасалып, намаз аяқталады. Ал бұдан тыс сүннеттер мен мустахаб амалдары тәрк етілсе, онда саху сәждесі жасалмайды. Намазы дұрыс болып есептеледі. Ал егер саху сәждесін талап ететін жағдайға тап болып, бірақ ол сәждені жасамаған жағдайда, оның намазын дұрыс, алайда толық емес деп бағалаймыз. Қайта оқимын десе бөгет жасамалмайды, яғни адамның өз еркінде. Ең дұрысын Алла біледі. Біз бұл айтқандарымызбен бар деректерге сүйене отырып намаздың дұрыс, не бұрыс деп қана айта аламыз. Ал оның қабыл болып, болмауы тек бір Аллаға ғана аян. Сол себепті ықыластарыңызға берік болыңыздар. Алла құлшылықтарымызды қабыл еткей...