Тиләует сәждесі

Тиләует сәждесі  С: Құран оқушылардың тиләует кезінде сәжде жасап жатқандарын көреміз. Бұл сәжде қалай аталады? Ж: Бұл тиләует сәждесі деп аталады. Тиләует сәждесі бар аятты оқыған, естіген адамға жасауа уәжіп сәжде. С: Мұндай сәжде аяттары Құран Кәрімнің қай сүрелерінде бар? Ж: Құран Кәрімнің он төрт жерінде сәжде аяттары бар. Олар: Ағраф сүресі, 206-аят. Рағыд сүресі, 15-аят. Нәхл сүресі, 49-аят. Исра сүресі, 107-аят. Мәриям сүресі, 58-аят. Хаж сүресі, 18-аят. Фурқан сүресі, 60-аят. Нәміл сүресі, 25-аят. Сәжде сүресі, 15-аят. Сад сүресі, 24-аят. Фуссилат сүресі, 38-аят. Нәжім сүресі, 62-аят. Иншиқақ сүресі, 21-аят. Ғалақ сүресі, 19-аят. Сәжде аяттарын қарилар жақсы біледі және Құран Кәрімде арнайы белгілермен белгіленген. С: Егер имам сәжде аятын оқыса ұйып тұрғанға сәжде ету уәжіп бола ма? Ж: Егер имам сәжде аятын дауыстап не жасырын оқыса өзі де, артында ұйып тұрғандар да тиләует сәждесін жасаулары қажет. С: Ұюшы сәжде аятын оқыса өзі де, имам да тиләует сәждесін жасаулары керек пе? Ж: Жоқ. Ұюшы оқыса екеуіне де сәжде жасау керек емес. С: Намаз оқып тұрғанда намаздан тыс бір кісі сәжде аятын оқыса сәжде жасау керек пе? Ж: Намаздан кейін сәжде жасау уәжіп болады. С: Намазда жасаса болмай ма? Ж: Намазда жасауына болмайды. С: Осылай жасаса намаздары бұзыла ма? Ж: Жоқ. Намаздары бұзылмайды. С: Бір кісі намаздан тыс тиләует сәждесін оқып, бірақ сәжде жасамай намазға тұрып, намазында сол аятты оқып тиләует сәждесін жасаса, осы сәжде екі оқуына да жарай ма? Ж: Егер бір уақытта болса жарайды. С: Ал, керісінше, бір кісі сәжде аятын намаздан тыс оқып, тиләует сәждесін жасап, кейін намазға тұрып сол аятты оқып, бірақ тиләует сәждесін жасамаса алғашқы жасаған сәждесі жеткілікті бола ма? Ж: Жоқ. Бірінші жасаған сәждесі жетуілікті емес. Екінші сәждесін жасау керек. С: Егер бір сәжде аятын бірнеше рет оқыса бір рет жасаған сәждесі жеткілікті ме? Ж: Бір мәжілісте оқыса бір сәжде жетеді. Бірнеше уақытта оқыса бірнеше рет жасау ләзім. Сол сияқты бір уақытта бірнеше сәжде аяттарын оқыса әрқайсысына сәжде жасауы керек. С: Тиләует сәждесі қалай жасалынады? Ж: Қолын көтермей тәкбір айтып, бір рет сәжде жасайды. Сосын тәкбір айтып басын көтереді. Басқа қимыл жасамайды.