Маңғыстаулық имамдар Атырауда тәжірибе алмасуда

Бүгін Атырауға Маңғыстау облысынан имамдар делегациясы келді. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен өзара танысу, тәжірибе алмасу мақсатында келген делегацияны Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қарсы алды.
Сапар барысында Маңғыстау облысының Бас имамы Әнуар Елжанов бастаған делегация орталық “Иманғали” мешітіне арнайы келіп, құлшылық үйінің тыныс-тіршілігімен танысты. Және жуырда ғана Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп ашқан Қайырымдылық орталығының жұмысымен, “Халық арна” телеканалының жергілікті филиалымен, amin.kz медиа орталығының бағыт-бағдарымен танысты.
Бұдан соң Атырау және Маңғыстау облыстары имамдарының қатысуымен біліктілікті арттыру семинары басталды. Семинарда мүфтият бекіткен жеті негізгі бағыт талқыланып, аталмыш тақырыпта ұстаздар дәріс оқыды.
Яғни, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз, қайырымдылық, сауат ашу, жат ағыммен күрес, дін мен дәстүр және ихсан ілімі бағытында кешенді жұмыс жүргізеді.
Еске сала кетелік, Маңғыстау облысының Бас имамы Әнуар Елжанов бастаған делегация құрамында Ақтау қаласы және аудан имамдары, барлығы 11 дін маманы бар.