Атырауда жастарға діни, заманауи білім беріп, спортқа баулитын қайырымдылық мекемесі салынады

                                                               Әрі медресе, әрі қайырымдылық мекемесі түрінде салынатын ғимарат Атырау қаласындағы Жұлдыз елдімекенінде орналасқан “Қажымұқан Мұңайтпасов” атындағы мешіттің жанынан тұрғызылады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігіне қарасты мекеме діни тәрбиемен бірге, ақпараттық технологиялар, тарих, әдебиет бағытында да білім беретін болады. Сонымен бірге, ғимаратта спортпен шұғылдануға барлық мүмкіндіктер жасалады.
“Жоспар бойынша төрт қабатты болып салынатын ғимараттың бірінші қабатында асхана, екінші қабатында балалар ойын алаңы және заманауи фитнес, спорт алаңдары жасақталады.
Үшінші қабатта жастарды ғылымға баулитын информатика, ақпараттық технология, тарих бағытындағы оқу сыныптары ашылады. Төртінші қабат 100 орындық жатақхана болады деп күтілуде.
Жатақхананың ішінде шәкірттермен бірге, тәрбиешілер, ұстаздарға арналған жатын орындары жасақталады. Жаңа ғимарат жан-жақты білім жинаған болашақ қарилардың, хафиздардың, діни тұлғалардың, иманды ұрпақтың ордасына айналады деген үмітіміз бар” дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Қазіргі уақытта аталмыш ғимарат құрылысына қаржы жинау басталды. Сауапты іске атсалысуға шақырамыз.