Республикалық Құран байқауының Атырау бойынша іріктеу сайысы өтті

Республикалық Құран байқауының Атырау бойынша іріктеу сайысы өтті
Бүгін Атырауда сегізінші республикалық Құран жарысына іріктеу сайысы өтті. Орталық "Иманғали" мешітінде өткен сайысқа Атырау облысы бойынша үміткерлер қатысты.
Шара қасиетті Құран - Кәріммен басталды. Ұстаз Хусейн Кая Құран аяттарын оқыған соң, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Батыржан қажы Мансұров қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен бәсекеде Құранның 30 парасын жаттаудан Мақат ауданынан бақ сынаған Захид Халматұлы жеңіске жетіп, сайыстың республикалық кезеңіне жолдама алды.
Құранның 20 парасын жаттау бойынша, үміткерлер болмады. Десе де, Құранның 10 парасын жаттаудан Әбубәкір Ізгілік бірінші орынды жеңіп, сайыстың республикалық кезеңіне жолдаманы иеленді. Омар Ізгілік және Дархан Тұрысмаханбет екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті.
Құранды мәнерлеп оқуға 37 үміткер қатысты. Осынша үміткердің арасынан Ұлан Балтабай озық шығып, сайыстың республикалық кезеңіне жолдама алды. Екінші орынды Арал Дүйсенбаев, үшінші орынды " Қапан қажы"мешітінің шəкірті Саламат Иманғалиев иемденді. Үздік деп танылғандарға 50 мың - 200 мың теңге аралығында сыйақы берілді.
"Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): "Сендердің ең жақсыларың - Құранды үйреніп, оны үйреткендерің" деп өсиет қалдырған. Асылында, Құран адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Қасиетті кітапты оқу - ең ұлы ғибадаттардың бірі және Аллаға жақындататын төте жол" деді жеңімпаздарды марапаттаған Атырау облысының Бас имамы Батыржан қажы Мансұров . Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылындағы "Қапан қажы " мешітінің имамы Ж.Ыбыраш жеңіспен оралған Саламат Насихатұлына табыстар тілеп бата берді