«Майкөмген» мешітінің ашылу салтанаты

Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Атырау облысы, Жылыой ауданы, Майкөмген ауылында «Майкөмген» мешітінің ашылу салтанаты болып өтті.
Құлшылық ордасының ашылу салтанатына Жылыой ауданы әкімі Азамат Бекет, Жылыой ауданының бас имамы Арман Исаев, ауыл имамдары, қажылар, бірқатар зиялы қауым өкілдері және жамағаттар қатысты.
-Майкөмген ауыл іргесінен бой көтерген мешіт өңірдегі ұлтаралық, дінаралық татулықтың тірегі, имандылықтың алтын ұясы болады депсенемін. Халықтың мерейін үстем етіп, мешіт салуға қолдау көрсеткен барша азаматттарға алғыс айтамын,-деді Жылыой ауданы әкімі Азамат Бекет.
Мешіт ашылуына орай, Жылыой ауданының бас имамы Арман Исаев Қасиетті Құран аятын оқып, дұға жасады. Және мүфтияттың Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан қажы Берденұлының құттықтау сәлемін жеткізді.
-Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын. Құрметті бауырлар, біздер қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Құлшылық жасауға барлық жағдай жасалуда осы күнімізге Аллаға сансыз шүкіршілік айтуымыз керек, - деген Жылыой ауданының бас имамы Арман Исаев мешіт кітапханасына ең үлкен сыйлық - қасиетті Құран Кәрімді тарту етті.
Құлшылық үйінің үш күмбезі, бір мұнарасы, әйелдер залы, имам бөлмесі және мешіт жанында тахаратхана орналасқан. Мешітке Дидар Сыздықов имам болып тағайындалды.