Сапар айында үйленуге, сапарға шығуға бола ма?

Сапар (сафар) айы – мұсылманша күнтізбе яғни хижра жыл банауы бойынша мұхаррам айынан кейін келетін екінші ай. Жалпы, сапар айы дегеніміз не? Ол жөнінде біз не білеміз?

«Сапар» сөзінің ай атына қатысты екі мағынасы бар:
1) сары, сарғаю; Сапар айына алғаш атау берілгенде күз болып, айнала сап-сары түске оранған болатын.
 2) бос, нөл (араб.: сифр); мұсылмандар осы айда Меккеден көшіп кеткеннен кейін қала қаңырап, бос қалған.

Ислам діні келгенге дейін жәхилие, пұтқа табыну заманында адамдар Сапар айын бақытсыздық айы, сорлы бір ай деп қабылдаған. Алланың Елші етіп жіберген құлы әрі сүйікті елшісі Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға сапар айының ешқандай жаман қасиеттері жоқ екенін, пұтқа табынушылардың жоққа сенуінің дұрыс емес екендігін айтты.

"Ауруға, үкіге және сапар айына қатысты бақытсыздық хақындағы жалған сенімге орын жоқ” — деп, адамдарды ақиқатпен хабардар етті. Мұнда үкінің сөз болуы Ислам дініне дейінгі адамдардың "үкі (құс) қонған үй қайғы-қасіретке тап болады” деген жалған сендеріне байланысты айтылған.

Ислам дінінде соқыр сенімге орын жоқ. Мұсылман әрқашан жақсылық пен жамандықтың барлығы Алланың қалауымен болатынын мойындайды және иман келтіреді.

Сапар айының соңғы сәрсенбісі

Адамдар арасында "Сапар айының соңығы сәрсенбісі күні әдеттегі намаздардан тыс қосымша арнайы нәпіл намаз оқылуы тиіс. Себебі, Сапар айының соңғы сәрсенбісінде жер бітіне 320 мың түрлі алапаттар мен қасіретті жағдайлар түседі. Олардан сақтану үшін арнайы нәпіл намазын оқу керек” деген сенім бар. Бірақ бұл құлшылықты жасау керек деген ешқандай Құран аяты, хадис немесе сахабалардың жасағандықтары туралы дерек жоқ. Адамзат тарихындағы діндердің арасында ең көп әрі сенімді дерек көздері бар дін — Ислам діні. Ислам діні дәлелсіз, күмәнді әрекеттерді харам етіп, оларды жасауға тыйым салады. Сондықтан да Сапар айының соңғы сәрсенбісі күні ешқандай арнайы құлшылық жасаудың қажеті жоқ. Басқа айларда оқылатын дүғалар мен ғибадаттармыз бұл айда да дәл сол қалпында орындалады.

"Сапар айында үйленуге, неке қиюға және той жасауға, сапарға шығуға болмайды” деген сенімдер — жалған. Сапар айында үйленуге болмайды деген түсінік жоқ. Хазреті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қызы Фатима (р.а.) Алиге (р.а.) осы айда тұрмысқа шыққан. Хижра жыл санауы бойынша 2-ші жыл. Ал сапар айында үйленуге, сапарға шығуға болмайды деген түсінік пайғамбарымызға (с.ғ.с) дейін араб халқында болған. Алайда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сапар айындағы ырымдарды жоққа шығарған. Осыған орай, сапар айында болсын, басқа айларда болсын үйленуге ешқандай кедергі жоқ.

Сапар айы басталғанда айдың басында, ортасында және соңында үш күн нәпіл ораза ұстауға болады. Бір күн нәпіл ораза тұтуға да болады. Бұл туралы Имам Бухари мен Имам Муслим риуаят еткен хадисте: "Ай сайын үш күн ораза ұстау — жыл бойы ораза ұстағанмен тең".

"Қапан қажы" мешітінің баспасөз қызметі