Атырауда орталық мешітте "Жусан" операциясымен оралғандармен кездесу өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігі «Жусан» операциясымен елге қайтарылған әйел азаматтармен кездесу ұйымдастырды.
            Орталық «Иманғали» мешітінде өткен кездесуге Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, сұхбат жүргізді.
       Басқосу барысында көкейкесті мәселелер көтеріліп, түрлі пікірлер ортаға салынды. Сонымен қатар, жусандықтар қиын жағдайда қалған азаматтарына көмектесе алатын еліміздің, халқымыздың  дархандығына алғыс айтты.
«Кешегі күні бірлігі жарасқан еліміздің қадір-қасиетін түсінбей, тастап шықса да, мемлекетіміз оларға аяушылық танытып, ұрпақ өміріне алаңдаушылық білдірді. Бұл – мемлекетіміздің көрсетіп отырған үлкен қамқорлығы. Демек, кезінде адасып, бүгінде елге аман-есен оралып отырған азаматтарымыз шүкіршілік ете білуі керек. Және еліміздің дамуы, дініміздің өркендеуі үшін аянбай қызмет етуі қажет» деген Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы кездесуге қатысушыларды жан-жақты білім алуға шақырды.