2020 жыл Зекетті насихаттау жылы болып бекітілді

ҚМДБ-ның «Зекет» қайырымдылық қоры өңірлердегі өкілдіктерімен жиналыс өткізді. Жиналыста ҚМДБ наиб мүфтиі Ершат қажы Ағыбайұлы сөз бастап, «Зекет» қорының 2019 жылы атқарған жұмыстарына жоғары баға берді.
Атап айтсақ, 2019 жылы «Зекет» корпоративтік қоры 73 мыңнан астам мұқтаж отбасыға қайырымдылық көмек көрсетіп, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 173 баспана кілтін табыстады. Сонымен қатар, басқосу барысында қор директоры Талғат қажы Сейткәрімұлының ұсынысымен 2020 жыл Зекетті насихаттау жылы болып бекітілді.
Бес парыздың бірі, Алланың бұйрығы зекетті насихаттау – өте маңызды әрі жауапты іс. Осыған орай, Зекет қоры өкілдеріне 2020 жылға насихат жоспары және нақты тапсырмалар берілді. Атап айтсақ, зекетке қатысты уағыз-насихат жұмыстарын көбейту, бейнежазбалар түсіріп, әлеуметтік желілерде тарату, телеарналар мен радио каналдарына, газет-журналдарға сұхбаттар беру және т.б. Сондай-ақ, қордың басты принциптерінің бірі ашықтық болғандықтан, барынша әлеуметтік желілер мен басқа да ресурстар арқылы қор жұмысын көрсету арқылы халықтың сенімділігін арттыру.
Сонымен қатар, өңірлерден жиналған Зекет қоры өкілдеріне 2020 жылы бастау алған жаңа жобалар аясында жұмыс істеу тапсырылды. Мысалы, «Болашаққа үміт сыйла» атты жобаның басты мақсаты мен бағдары – діни және басқа да орта кәсіптік және жоғары оқу орындарында оқып жатқан мұқтаж жетім балаларға оқу ақысымен көмек көрсету, еліміздегі медреселерді қолдау.
Бұдан басқа өкілдердің ұсыныстары талқыланып, нақты тапсырмалар беріліп, хаттама бойынша есептері алынып отырады. Қайырымдылық бағытындағы «Ел үлесі – пәтерге», «Жылулық сыйла», «Алтын құрсақты батыр анаға тосын сый», «Үміт сыйла сәбиге» сияқты ауқымды жобалар әрі қарай өз жалғасын табады.