ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ

ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ
Бүгін барша мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі - Құрбан айт мейрамы басталды . Атырау облысы, Жылыой ауданы, шоқпартоғай ауылындағы Қапан қажы мешітінде айт намазына жиналған жамағат көп болды. Жиналған ағайынға ауыл әкімі Е.Елеусінов құттықтау тілегін жеткізді. Ал Қапан қажы мешітінің бас имамы Ыбыраш жамбыл құрбан шалудың маңыздылығы мен қалай орындалатындығы туралы түсінік бере келіп, - Біз мерекені мерекелік намаз оқудан бастаймыз. Осы мерекелік намазға әуелі жуынып, тазаланып, өзіміз жақсы көретін киімдерімізді киіп, жақсы иіс суларымызды сеуіп, мерекелік намаз оқимыз. Құрбандық малды да намаз оқығаннан кейін ғана сою керек. Ауырып қалған кісілердің көңілін сұрап, марқұмдарға құран бағыштап, дос-жаран, ағайын-туыстың үйіне айтшылап, сыйлық жасағанымыз абзал. Өйткені сыйлық жасау адамдардың сүйіспеншілігін оятады. Сондықтан бір-бірімізді құттықтау, сыйлық жасау, жақсы тілек айту мерекенің сән-салтанатын аша түседі. Мерекеміз құтты болсын! - деді. 
Жиналған көпшілік айт намазына тұрып, имамға ұйып, айт намазын оқыды.