Жылыой ауданына жаңа бас имам тағайындалды

Бүгін Жылыой ауданының бас имамы тағайындалды. Енді «Жылыой мұсылмандар» аудандық орталық мешітіне Жасұлан Қағазғалиев басшылық етеді.
Жаңа имамды Жылыой ауданына арнайы іс-сапармен барған Атырау облысының Бас имамы Алтынбек қажы Ұтысханұлы жұма намазы алдында жамағатқа таныстырды.
«Жасұлан Қағазғалиев – білімді де білікті маман, жергілікті жұртшылықпен бірлескен түрде қоян-қолтық еңбек етеріне сенемін. Алла әр ісімізге береке бергей» деді өз сөзінде Атырау облысының Бас имамы Алтынбек қажы Ұтысханұлы.
2011 жылдан бері Жылыой ауданына рухани ұстаз болып келген Арман Исаев Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы қызметіне тағайындалды.
Іс шара барысында Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекет ұстаз Арман Исаевқа алғыс хат табыс етіп, жаңа жұмысына сәттілік тіледі.
Жамағат атынан сөз алған кәсіпкер Сәлімжан қажы Қапанұлы Арман Исаев имамдық еткен кезеңде Жылыой ауданының діни өмірінде оң өзгерістер болғанын атап өтіп, қазақы дәстүрге сай шапан жапты. Және жылыойлық жомарт жандар сыйлаған темір тұлпардың кілтін табыстады.