ОТАНШЫЛ АДАМ ОПАСЫЗ БОЛМАЙДЫ

«Біз табиғатымыздан төзімді, иманды, батыр халықпыз». Бұл сөзді жиі айтасыз. Ақтамберді жыраудың «Балпаң, балпаң кім баспас, басарға балтыр шыдамас. Батырмын деп кім айтпас, барарға жүрек шыдамас» деп жырға қосатыны бар емес пе? Сіз уағында Ауғанстанда оқ пен оттың ортасында болдыңыз. Батырдың батырлық туралы ойын білгіміз келеді...
Батырлық жайлы сөз қозғағанда әуелі Бауыржан Момышұлының сөзі еске түседі. Баукең былай дейді: «Батырлық – табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі». Көрдіңіз бе, қандай ғажап сөз, қандай тауып айтылған теңеу. Бұдан артық мен не айта алуым мүмкін?
Батыр болу үшін әуелі күшті болу маңызды ма, әлде адамға мықты сенім қажет пе?
Иманды адам ғана нағыз батыр бола алады. Иманды, отаншыл адам отбасына, өз Отанына ешқашан опасыздық жасамайды. Біз ұрпақты батыр болуға, кісіні сыйлауға, дінге бас июге, үлкеннің батасын алуға үйреткен халықпыз.
Батырлық дегеніміз – білім мен иман, күш пен жігер. Батыр күшті болғанымен, ол алысқа қарай алмайтын адам болса, оның батырлығы өзіне ғана емес, айналасына қауіп төндіреді. Батырға тән қасиеттің бірі – қырағылық. Ал қырағылық біліммен, тәжірибемен келеді. Көреген адам көшбасшы болады.
Құдайға деген мықты сенім – адамға ерекше күш беретін ең ұлы сезім. Сіздер Ислам тарихын жақсы білесіздер. Мұсылмандар өз діні мен ар-намысын сақтап қалу үшін талай жорықты бастан кешті. Сол жорықтарда мұсылмандарды жеңіске жеткізген күш – Аллаға деген сенім. Пайғамбарымыз жаудан қашпауды өсиет еткен. Біздің дінімізде майдан алаңында жүріп, соғыстан қашу үлкен күнәлардың бірі саналады. Бұл – Құдай жолындағы адамға ерекше күш береді.
Менің есіме Пайғамбардың тағы бір хадисі түсіп отыр. Ол: «Соғыс – айла», – деген екен. Ал айла дегеніміз – білім. Майданда тактика маңызды. Жаудың әрекетін алдын ала көріп отыратын командир тиімді тактикасымен тығырыққа тірейді. Командир барлық солдаттың тағдырына жауапты. Қателесіп кетсе, қаншама жанның өміріне қауіп төндіреді. Солдат деген біреудің арқа сүйер асқар таудай әкесі, біреудің жары, қарияның жалғыз баласы болуы мүмкін.
Бір ізгі ғұлама «Отанды сүю – иманнан» деген екен. Бір сөзіңізде «Отаншыл адам опасыз болмайды» деп қалдыңыз. Отаншыл адамның бойында қандай сипаттар болу керек деп ойлайсыз?
Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. Отанға қызмет етем десең, әуелі отбасыңды жарылқа. Бала-шағаңа дұрыс тәрбие беріп, біліміне ден қой. Содан кейін туған-туыстарыңа қарайлас. Қолыңнан келсе көмегіңді жаса. Олардың қуанышы мен қайғысында бірге бол. Содан кейін туған жерге жақсылығыңды жаса. «Туған жерге туыңды тік» деген сөз бар.
Қосшағыл мешітінің имамы Теңел Айдарбекұлы