Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұжымына жаңа бас имамды таныстырды.

Өткен жұма күні облыстың бас имамы Төлеби Оспан Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұжымына жаңа бас имамды таныстырды.
Ақтөбе қалалық мешітінде 2017 жылдан бері қызмет етіп келген Амантай Садиев басқа қызметке ауысып, оның орнына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы қызметін атқарып келген Нұрлыбек Күзенбаев тағайындалды.
Ақтөбеде 3,5 жыл абыроймен еңбек еткен Амантай Әбілдаұлына бас имам Т.Оспан өкілдік атынан алғыс білдіріп, қасиетті Қағбадан келген Құран кітапты сыйға тартып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Ақтөбе қалалық маслихат депутаттары атынан да А.Садиевке алғыс хат табысталды.
Нұрлыбек Шәкизадаұлы 4 жылдан бері Ақтөбе облысындағы үгіт-насихат жұмыстары мен деструктивті діни ағым ұстанушыларды оңалту жұмыстарына белсене араласып келеді. Ақтөбелік жамағатқа етене таныс. Діни басқарма жанындағы Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, Дінтану ғылымдарының магистрі. Құтты мекен Ақтөбе шаһарына Бас мүфтидің бұйрығымен Бас имам болып тағайындалған Н.Күзенбаев елдің бірлігі мен ынтымағы және діни тұрақтылық жолында аянбай еңбек етеді деп сеніміз.
Күзенбаев Нұрлыбек Шакизадаұлы
Білімі:
2001-2005 ж.ж. Шымкент қаласындағы Халықаралық Қазақ-Араб университетінің «Дінтану» факультеті;
2013-2016 ж.ж. Түркия Республикасы Дін істері басқармасына қарасты «Хасеки» тереңдетілген діни білім беру орталығында білімін шыңдаған;
2016-2018 ж.ж. Алматы қаласындағы «Шет тілі және Іскерлік карьера» универсиетінің дінтану ғылымдарының магистрі;
2020 жылы ҚМДБ жолдамасымен Мысыр Араб Республикасы, Әл-Азһар университеті жанындағы «Экстремизм мен терроризмнің алдын алуға арналған имамдарды қайта даярлау» курсын тамамдаған.
Еңбек жолы:
2004-2005 ж.ж. Халықаралық Қазақ-Араб университетінің тәрбиеші ұстазы;
2005-2007 ж.ж. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылындағы «Шет тілдер оқыту» орталығының ұстазы және оқу ісінің меңгеруші;
2007-2008 ж.ж. Алматы облысындағы «Шамалған» медресесінің оқу ісінің меңгерушісі;
2008-2010 ж.ж. Астана қаласындағы «Ислам» орталығында Дінтанушы маманы;
2010-2011 ж.ж. Алматы қаласындағы «Имамдардың білімін жетілдіру» институтының аға оқытушысы және рухани танымдық «Рахмет самалы» журналының діни сарапшысы;
2011-2012 ж.ж. Ақмола облысы, Степногорск қаласының орталық мешітінің ұстазы;
2012-2013 ж.ж. Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы;
2016-2020 ж.ж. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің наиб имамы.
Қосымша:
2016 жылдан бері Ақтөбе облысы бойынша Ақпараттық түсіндіру (АТТ) тобының мүшесі;
2018 жылдан бері Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі. Отбасылы, 3 баланың әкесі.
Ақтөбе өкілдігі қос әріптесіміздің жауапты да сауапты жаңа қызметтеріне сәттілік тілей отырып, асыл дініміздің өркендеуі мен жамағаттың діни сауаттылығын арттыру жолында жемісті еңбек етуін тілейді.