Салауат айтудың 40 қасиеті

«Қапан қажы» мешіті «Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 1 000 000 салауат» атты жобаның басталғанын хабарлағанбыз.
– Барша мұсылманның жүрек төрінен орын алған сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айын ерекше құрметпен қарсы алу әдемі үрдіске айналғаны белгілі. Осы айдың құрметіне «Қапан қажы» мешітіне қарасты http://www.kapan-kazhi-meshiti.kz/ сайты «Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 1 000 000 салауат» атты тың жобаны былтыр іске қосқан еді. 
Мінеки, осы жылы да мәуліт айының құрметіне жаңғыртып отырмыз. Көп түкірсе көл болады демекші, ниетіміз – барша қазақ бірауыздан бір мезгілде оқыған салауаттары арқылы еліміз Алланың мейіріміне, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіспеншілігіне бөленсе, әрбір атсалысқан кісі сауапты амалдан теңізден тамшыдайын үлес қоса алады.
Құран Кәрімде:
وَذَكِّرْ فَإِنَّ الذِّكْرَى تَنفَعُ الْمُؤْمِنِينَ
«Ескерт! Өйткені, ескерту мүміндерге пайда береді» («Зарияті» сүресі, 55-аят),-дәп әмір етеді. Салауат – зікірдің бір түрі. Салауат – Алла Тағалаға мадақтау мен Пайғамбарына игілік пен сәлем айту дұғасының жиынтығы.

Салауаттың қасиеттері жайлы аяттар мен хадистер негізінде 40 хикметі табылған. Ендеше, сол хикметтері мен сырларын назарларыңызға ұсынамыз: 
1. Салауат – Алла Тағаланың әмірін орындау;
2. Салауат – Алла Тағаланың сөзімен қатар жүреді; Алла Тағаланың Пайғамбарға салауаты – мақтау және шарапат көрсету болса, мұсылманның салауаты – Алла Тағаладан тілегін сұрап дұға ету;
3. Салауат – Періштелердің Пайғамбарды мақтауы. Салауат айтумен мұсылманның тілегі, періштелер тілегімен ұштасады;
4. Бір салауат – Алла Тағала тарапынан он жарылқауға себеп;
5. Бір салауат – мұсылманның мәртебесін он есе көтереді;
6. Бір салауатқа – он сауап беріледі;
7. Бір салауат – он қателікті жуып шаяды;
8. Дұғадан алдын айтылған салауат тілектің қабыл болу үмітін арттырады;
9. Салауат – Пайғамбар (ﷺ) шапағатына лайық болудың бірден-бір себебі;
10. Салауат – күнәнің кешірілуіне себеп;
11. Салауат – Алла Тағала тарапынан адамның уайым-қайғысының кетуін қамтамасыз етеді;
12. Салауат – қиямет күні Пайғамбарға (ﷺ) жақын тұруға себеп;
13. Салауат – жағдайы төмен адам айтса, садақаның орнын басады;
14. Салауат – мұң-мұқтаждықтың өтелуіне себеп;
15. Салауат айтушыны – Алла Тағала жарылқайды, оған періштелер дұға жасайды;
16. Салауат – айтушының жан дүниесін тазартады;
17. Салауат – адамның тірі кезінде жәннатпен сүйіншіленуіне себеп;
18. Салауат – қиямет қорқынышынан құтылуға себеп;
19. Салауат – ұмытқан нәрсені тез еске түсіруге көмектеседі;
20. Салауат айтсаңыз, сәлеміңізге Пайғамбар (ﷺ) жауап қайтарады;
21. Мәжіліс басында салауат айту – жиынға берекет келтіреді және азын-аулақ кемшіліктерді жояды;
22. Салауат – кедейлікті жояды;
23. Салауат – мұсылманның сараңдығын жояды;
24. Салауат – Пайғамбарымыз жазғырған адамдар қатарынан құтқарады;
25. Салауат – жәннатқа апатарын жолға жетелейді;
26. Салауат – Алла Тағаланы тілге алмайтын мәжілістен сақтайды;
27. Салауат – сөзді толықтырушы дұға. Әр маңызды әңгіме Алла Тағалаға мақтау және Пайғамбарға (ﷺ) салауат айтумен басталады;
28. Салауат – қыл көпірде мұсылманға мол нұр сыйлайды;
29. Салауат – адамды дөрекіліктен құтқарады;
30. Салауат арқылы Алла Тағала сізді жер мен аспанды мекен еткен жаратылыс арасында жақсы атқа лайық етеді;
31. Салауат – адамның өзіне, амалына, өміріне және әрбір оның мүддесіне қажетті шаруада берекет береді;
32. Салауат – Алла Тағаланың рақыметіне бөленуге себеп;
33. Салауат – мұсылманның Пайғамбарына (ﷺ) деген ұдайы сүйіспеншілігінің белгісі;
34. Салауат – Алла Елшісінің (ﷺ) сүйіспеншілігіне себеп;
35. Салауат – мұсылманның тура жолда жүргенінің белгісі;
36. Салауат – айтушының аты-жөні Пайғамбар (ﷺ) құзырында ескерілуіне себеп;
37. Салауат – қыл көпірде мұсылманның аяғы нық болуына және аман-есен өтуіне себеп;
38. Салауатпен – үмбеті ретінде аз да болса Пайғамбар (ﷺ) алдындағы борышы өтеледі;
39. Салауат – адамзатқа жіберілген ең үлкен нығмет Пайғамбар (ﷺ) үшін Алла Тағаланы зікір ету және шүкіршілік білдіру сөздерін қамтиды;
40. Салауат – дұға, ол дұғада мұсылман Раббысына ең абзал адамға, яғни Алланың досы Пайғамбарға (ﷺ) мақтау айту, оның мәртебесі мен дәрежесінің ұлғаюуын сұрайтын дұға.
 
"Қапан қажы" мешітінің имамы  Ыбыраш Жамбыл Демеуұлы