Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты түлегінің пікірі



Әуелі бүкіл әлемдердің Жаратушысы Алла Тағалаға шексіз шүкірлер мен мадақ-мақтаулар болғай! Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), оның отбасына, сахабаларына және үмбетіне екі дүниеде Алланың игілігі болғай!
Алматыдағы ҚМДБ жанындағы Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтына бір айлық біліктілігін арттыру курсына еліміздің әр облысы мен аудандарынан алпыстан астам имам келіп, Алланың қалауымен әрі қолдауымен, ақпан-наурыз айлары аралығында ілім алды. 
Алла Тағала пенделеріне былай деп бұйырады: «Оқыңдар, үйреніңдер! Алланы таныңдар! Аллаға мойынсұныңдар! Күнәдан аулақ болып, жақсы амалдарды көбірек жасаңдар!». Жаратушы Алланың осы бұйрықтарын өтеуге үлкен үлес қосып және алаңсыз оқуға барлық жағдай жасап отырған, аталмыш оқу орнының директоры Серік қажы Ораз өзінің бір сөзінде былай деді: «Біздер осы бір айда алпыс алты имамды ғана оқытып жатқан жоқпыз. Алпыс алты елді-мекеннің жамағатына ілім берудеміз». Себебі, білім нәрімен сусынданған имамдар, алған құнды мағлұматтарын жұртшылықпен бөлісуге ұмтылатыны сөзсіз. Оның үстіне Алла Елшісі  Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең абзалдарың Құран оқуды үйренгендерің және басқаларға үйреткендерің» - деп ізілікке барар жолды көрсетіп кетті.
Ілім талап етіп келген имамдар 22-65 жас аралығында болғанымен, білері болса жастан үйрен, көргені болса қарттан үйрен деген үрдісті сақтай отырып, бос уақытымызды тәжірибе алмасып, білімімізді шыңдауға бағыттадық. Аптасына 6 күн, сағат таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін Бұқара, Ташкент, Мысыр елдерінің және  «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ғұлама, теолог мамандарынан ұмытылмас дәрістерін алдық.  
«Алланы таныған кісі, зынданда болса да (қаншалықты қиындықты бастан өткерсе де), ол – бақытты, ал, Алланы танымаса, патшаның сарайларында ғұмыр кешсе де, мағыналы түрде ол – бақытсыз» - деген  бабаларымыздан қалған сөздің төркінін толықтай танып, жүрекпен сезініп, оқып-тоқығанымызды тәжірибе барысында қолдануға құштарлық танытудамыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына және Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының ұстаздарына шексіз алғысымызды білдіріп, Сіздерге Алланың нұры жаусын және алдағы уақытта істеріңізге мол табыс тілейміз!
Жамбыл қажы Демеуұлы,
 ҚМДБ жанындағы Ислам институты, ақпан-наурыз 2021 жыл оқу легінің
түлегі, Атырау облысыЖылыой ауданы Шоқпартоғай аулы «Қапан қажы» мешітінің имамы