Ғайбаттың зардабы

Адам баласы көп мән бермейтін, бірақ Жаратқан Раббымыз қатаң тыйым салған күнәнің бірі – Ғайбат.
Алла елшісі (с.а.у) бірде сахабаларынан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?»деп сұрайды. Сахабалары:
– Алла және оның елшісі жақсы біледі! – деп жауап қатты. Сонда адамзаттың ардақты елшісі (с.ғ.с): «Бауырыңды жек көретін нәрсесімен еске алуың» – деді. Сонда сахабалары:
– Уа Алланың елшісі, егер біз айтқан нәрсе ол Адамның бойында болса ол да ғайбатқа жата ма? – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у): «Егер сіз айтқан нәрсе оның бойынан табылса ғайбат болады. Егер сіз айтқан кемшілік ол кісіде болмаса онда жала жапқан боласыз!» – деп түсіндіреді.
Жаратушы ұлы раббымыз қасиетті кітабі Құран кәрімде ғайбат жайлы былай баяндайды: «Әй мүміндер! Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді».
Көріп тұрғанымыздай Жаратқан Алла Тағала ғайбат өлген баурымыздың етін жеумен тең екенін және тәубені қажет ететін күнәға жататынын ескертіп, ашық баяндауда. Олай болса неге біз ғайбатты кішкене іске балауымыз керек?!
Дініміз ғайбатты «ғайбат, бөһтан, ефік» деп үшке бөлген. Ғайбат адам баласының өзі жек көретін кемшіліктерін айту. Бөһтан болса адамға жала жабу, жоқ нәрсені таңу. Ал ефік саған жеткен нәрсенің бәрін айтуың. Біреуді танымасаң да: «Ол сондай!» деп пәленше айтты» – деген өсек ефікке жатады. Адам баласы ғайбатқа қатты берілгенде осы үш нәрсеге кіруі әбден мүмкін екендігін ескеруі қажет. Сондықтан ғайбаттан барынша алыс жүргеніміз абзал.
Бірде Алла елшісінен (с.ғ.с) хазіреті Айша (р.а) анамыз: «Уа Алланың елшісі, сіз Сәфияның (р.а) бойының аласалығына және киім киісіне қалай қарайсыз?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Уа Айша егер сен айтқан сөздерді теңізге тастағанда теңіз сасып кетер еді!» – деп ғайбаттың ауырлығынан хабар береді. Шынында Айша (р.а) анамыз ауыр ештеңе айтпаса да ғайбатқа жақын болғаны үшін Алла елшісі ескерту жасаған еді. Ал біздің өзгелер туралы айтқанымызға қарасақ бүкіл әлемді ластап жіберердей сөз айтып қойғанымызды байқаймыз.
Алла елшісі (с.ғ.с) тағы бірде: «Ғайбат зинадан да ауыр күнә!» – дегенді айтады. Оны естіген бір кісі: «Ол қалай сонда, иә Алланың расулы (с.ғ.с)?!» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Адам зина жасап, соңынан тәуба келтірсе күнәсі кешіріледі. Ал біреуді ғайбаттаған жанды ғайбатқа ілінген кісі кешірмейінше оның күнәсі кешірілмейді», – деген екен.
Осы оқиғаға қарап, біреуді ғайбаттаудың кешірілуі сөз қылған адамымыздан кешірім сұрамай кешірілмейтінін байқауға болады. Яғни, ғайбаттаған адамнан міндетті түрде кешірім алу керек. Ал мына бір хадистен ғайбаттауымыз себепті барлық сауапты амалдармыздың жоқ болатынын білуге болады. Бірде Алла елшісі (с.ғ.с): «Қияметтің күнінде бір адамның кітабы жақсы амалдары өшірілген халде беріледі. Әлгі адам: «Иә, Раббым, менің дүниеде жасаған мынадай, мынадай амалдарым бар еді. Солар қайда? – деп сұрағанда бір дауыс оған: – Сен адамдарды ғайбаттағаның себепті бұл амалдарың жойылған! – дейді» – деп ғайбаттың зардабы жайлы әңгіме қозғаған екен.
Ертеде өткен ата-бабалармыздың: «Басқа пәле – тілден!» –дейтіні содан болса керек. Тілге ие болмаудан дүниеде және ахиретте зардап шегуіміз әбден мүмкін екенін Құран аяттары мен хадистерден көріп, білдік. Ендеше, үнемі адамдардың жақсылығын қана көріп, таныстарды жақсылықтармен ғана еске алу пайдалы болмақ. Иса (ғ.с) пайғамбар өз заманында жолдастарымен келе жатып, жол бойында өліп қалған иттің өлексесін көргенде: «Мынау иттің тісі не деген аппақ?» – деп өлексенің өзінен әдемілік тапқан екен. Олай болса біз айналамыздағы ағайын-туыстың, бір туған бауырдың, дос-жаранның жақсылығын, әдемілігін неге еске алмасқа?!
Алла елшісі (с.ғ.с) бір күні көпшілікке: «Ей, тілмен иман келтіріп, жүректеріне иманы жетпегендер өзгелерді ғайбаттамаңдар, басқалардың абыройын төгуге тырыспаңдар! Кім басқалардың абыройын төгуге тырысса, онда Алла оны өз үйінде отырса да масқарасын шығарады» – деген. Сондықтан басқалардың кемшілігін көргенде өз бойымыздағы кемшілікті түзеуге тырысуымыз керек.
Жаратқан раббымыз баршамызды бұл дерттен аулақ қылғай!
Қапан қажы мешітінің имамы Жамбыл Демеуұлы