Ең үлкен жиһад – Нәпсімен күрес!

Ең үлкен жиһад – Нәпсімен күрес!
Қадірлі жамағат!
Бүгінгі уағызымыздың тақырыбы «ең үлкен жиһад – нәпсімен күрес» деп аталады. «Жиһад» сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін күш-қайрат жұмсау деген мағынаны білдіреді. Жиһад ұғымының мағынасы өте ауқымды. Құран Кәрімде «жиһад» сөзі 35 жерде айтылады. Солардың ішінде төрт жерде тікелей соғыс деген мағынада қолданылған. Сонымен бірге Құранда соғыс ұғымы «харб», «мұхараба», «қитал» сияқты сөздермен берілген. Жиһадтың тек соғыс мағынасын алып, қалған мағыналарын назардан тыс қалдыру көптеген адамдардың діни көзқарасында қателіктерге ұрындыруы мүмкін.
Жиһад – адам баласының Алла ризашылығы үшін жасаған барлық амалдары, талпыныстары, ыждаһаттылықтары болып есептеледі. Қиындықтарға қарамастан күн сайын бес мезгіл намаз оқу, аптап ыстықта ораза ұстау, қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді жою үшін талаптану, бала-шағасын асырау үшін еңбе ету, тіпті адамның өзінің ішіндегі жағымсыз қылықтарымен күресу де осы жиһад ұғымына жатады. Кейбір мұсылман ғалымдардың айтуы бойынша жиһадтың мағынасы және түрлері көп. Адамның жаман қылықтарымен күресуі ішкі жиһад, ал ел үшін, Отаны үшін, отбасы үшін, мал-мүлкі үшін күрес сыртқы жиһад саналады, соның ең соңғысы құдай жолында қару алып шабуыл жасаған дұшпанға қарсы Отанды қорғау екен. Ислам шариғатында оның да шарттары бар. Құдай бетін аулақ қылсын, ел басына күн туса ат ауыздығымен су ішер, ер етігімен су кешер дегендей ел басшыларының бұйрығымен сыртқы жауға қарсы күресу де дін үшін күрес болады. Себебі, тәуелсіздігі жоқ халықтың діни еркіндігін жүзеге асыруы та қиын. 
Болмысыңды қызғаншақтық, көрсеқызарлық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық, менмендік сияқты жаман қылықтардан арылту үшін күресу – ең басты жиһад. Сырты күрестен бұрын ішкі күрестің маңызды екендігі айтпаса да түсінікті. Себебі, өзін түзете алмаған адам басқаларға жол көрсете алмайды. Халқымыз: «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?!» деп тәмсілдейді. Пайғамбарымыздың тарихында да орын алған бір оқиға осы мәселенің маңыздылығын көрсетеді. Соғыстан шаршап келе жатқан сахабаларына қарап: «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық!» -дегенде сахабалары: «Уа Алланың елшісі! Бұдан үлкен жиһад бар ма?-деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.): «Өз нәпсіңмен күресу ең үлкен жиһад» деп жауап берген екен. Өйткені, нәпсімен күрес оңай шаруа емес.
Қазақ ағартушыларының діндарлық түсінігінде ішкі тазалыққа аса мән беруі осы ішкі жиһадты түсіндіреді. Мәселен Абай Хакім:
Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хуснизан мен иманды білді ойлаған
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай
Сыртын қанша жуса да іші оңбаған- дейді. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Сыртыңды сыланасың өң беріп,
Ішіңнің түзетпейсің қатасын.
Айламен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орнына атасың.
Жалғанның бір пайдасын көргенде, 
Арланбай арыңды да сатасың- дейді ғой. Демек басты кемелдік, басты жиһад сыртта емес, адамның ішінде, нәпсінің азғындығында. Қазіргі қоғамдағы басты кемшіліктер де осы адамның ішкі әлсіздігінен, арамдығынан туындап жатқанын көріп жүрміз.
Қазақтан шыққан әйгілі ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы:
Балалар, бос болмасын сабақтарың,
Жарқырар жаттасаңдар қабақтарың.
Жастықта жатпай тұрмай жиһад етіп,
Жыртықтың жаңартыңдар жамап бәрін,-деп «жиһадты» білім алуға күш-қайрат жұмсау мағынасында қолданған.
Оның үстіне «жиһад» ұғымы уақытқа, кеңістікке, адамдан адамға қарай өзгеріп отырады. Әрбір мамандық иесінің өз мамандығында қажырлы болуы оның жиһады саналады. Дәрігердің адам жанына пайдалы еңбегі, ұстаздың тынбай шәкірт тәрбиелеуі, қызметкердің елдің игілігіне қызмет етуі де жиһадқа жатады. Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Жесірлер ме міскіндер үшін еңбектенген адам Алла жолында жиһад жасаған адаммен бірдей» дейді (Бұхари). 
Ал осының барлығы елді, жерді, отанды қорғау дінде қарастырылмаған дегенді білдірмейді. Сыртқы жиһадтың ең соңғы формасы қолға қару алып дұшпанға қарсы тұру болса дінімізде оның да орны мен шарттары белгіленіп қойылған. «Оларға қарсы соғыс жарияланған мұсылмандарға (мүшриктермен) соғысуға рұқсат берілді. Өйткені, олар зұлымдыққа  ұшырап, зәбір көрді. Әлбетте, АллаТағала оларға жәрдем беруге толық күші жетеді...» (Хаж сүресі, 39-40 аяттар).
Қадірлі жамағат!
Сәдуақас Ғылмани «Календар тысына жаздым» және «Өкіну» деген өлеңінде ғалым, ақылға түсініктеме бере отырып, нәпсіні сынайды:
Ақыл деген неңізде арап тілі,
Білімділер зарттеуші білер мұны.
«Тұсамыс, шідер» деген мағынада,
Асау аттай нәпсінің тыяр жолы.
Нәпсіқұмар, баққұмар, ойынқұмар,
Дәулетқұмар атақты қылмақ тұмар.
Бәрі де бір нәпсінің қызықтауы,
Пайда мен зияндысын ақыл сынар.
Ғапылдықпен өткіздік жас өмірді,
Нәпсінің қалағанын қылдық құнды.
Шайтан лағын билігі іске асып,
Байқап тұрсаң жастықта болдық жынды.
Жындыдан ақылды іс табыла ма,
Түбі пайда емеске сабыла ма.
Жастықты – жындылықтан бір бұтақ деп,
Тектен-тек хақ пайғамбар жар қыла ма?
Сол жастық сені аздырды - әуейлендің,
Ынтаңды ықыласыңды түгел бердің.
Соның бәрі ақымақтық, ғапылаттық,
Күні өткен соң толғайтын ақылға ендің - дейді.
Шәкәрім шығармаларында:
Сыртыңды сыланасын сән беріп,
Ішіңнің түзетпейсің хатасын.
Айла мен алдағанды жөн көріп, 
Адамды аң орына атасың.
Жалғанның бір пайдасың көргенде,
Арланбай арыңды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың.
Немесе Қожа Ахмет Ясауидің:
Қожа Ахмед , нәпсі мешкей түк тоймайды,
Жер көкті түгел жұтсын жұқ болмайды.
Топырақ құшса ғана бітті ол қайғы, 
Бейнәпсі қор қызымен жасар, достар.
Болмаса Ақыт қажы Үлімжіұлының:
Ләпсі шіркін тоймайды,
Дүниені жалмасаң
Жеңілмейсің құрбыңнан
Ақыл тегін парласаң,- деген өлеңдерін оқысақ қазақ дін ғұламалары да өздернің басты күресі ретінде нәпсімен күресті азарға алғандығын көруге болады. Сондықтан, шынайы мұсылман ретінде ішкі құндылықтарымызға көңіл бөлгеніміз абзал. Пайғамбарымыз да: «Көркем мінезді толықтыру үшін жіберілгендігін» ұмытпайық ағайын! Алла Тағала баршамызды тура жолынан адастырмасын! 
Қапан қажы мешітінің имамы Жамбыл қажы Демеу ұлы