Атырау облысының Бас имамы Үндеу жариялап, жұртшылықты сабырға шақырды

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы әлемге таралып жатқан коронавирус дертінің асқынуына байланысты мұнайлы өлкенің жамағатына Үндеу жариялады.
“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай жариялады. Тиісінше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ғұламалар кеңесінің басын қосып, мешіттерде жұма намаздарын уақытша тоқтату туралы пәтуа шығарылды.
Құрметті, атыраулық жамағат! Ең алдымен, жұма намаздарының орнына әр адамға бесін намазын үйде өтеуді ұсыну арқылы мүфтият сіздің, отбасыңыздың, бала-шағаңыздың амандығы үшін қамданып отырғанын атап өткім келеді.
Қасиетті Құран аяттарында “Бір адамды жазықсыздан жазықсыз өлтіру – барлық адамды өлтіргенмен тең” деп жеткізілген. Сондай ақ, “Бір адамның өлімнен қалуына себепші болу, барлық адамды тірілткенмен тең” деген де аят бар. Егер біз мешіттерімізде ауыр індеттің таралуына себепші болатын болсақ, бұл мұсылманға жат дүние.
Алла Тағала қасиетті Құранда “Өз – өздеріңді қауіп қатерге тікпеңдер” деген. Баршаңыздан бес уақыт намазды үйде оқып, шаңырақ амандығына назар аударуыңызды сұраймын. Тиісті ғалымдарымыздың, дәрігерлеріміздің кеңесін ұстанып, бұл сынақты сабырмен өткерелік.
Алла Тағала кешегі күнгі мамыражай күндерімізге оралуды нәсіп еткей” деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы өз Үндеуінде.