Карантин жағдайындағы Рамазан қалай өтеді?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы облыс бас имамдарымен онлайн режимде жиналыс өткізді.
Жиналысқа наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, ҚМДБ бөлім меңгерушілері қатысты.
Онлайн мәжілісте биылғы Рамазан айының басталуы мен ораза айтының күнін анықтау, пітір садақасының және зекеттің мөлшерін белгілеу, төтенше жағдай кезінде тарауық намазы мен ауызашар өткізудің үкімін шығару, карантин кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, т.б. мәселелер талқыланды.
«Рамазан – исі мұсылманның қасиетті айы. Біз ұлық айды үлкен дайындықпен қарсы алып, уағыз-насихат, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жоғары деңгейде өткізуіміз тиіс. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік шараларына аса мән беруіміз керек» деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.Жиналыс барысында облыс бас имамдары Бас мүфтиге өңірдегі діни ахуалды баяндап, жұқпалы індеттің таралуын алдын алу бағытында жасалып жатқан жұмыстар жайлы баяндап, қайырымдылық шаралардың есебін берді.
Рамазан айының басталуы мен ораза айтының күні Бас мүфтидің қатысуымен жуырда өтетін баспасөз мәслихатында ресми жарияланады.