Зекет береке бастауы

Өзара бауырмалдық пен жанашырлыққа, адамгершілік сынды адами сипатқа негізделген салауатты қоғам құруды мақсат ететін Ислам дінінде әр мұсылман баласына бес парыздың жүктелетіні белгілі. Осы бес парыздың бірі Зекет. Зекет сөзі Құран Кәрімде көбіне намазбен қосарланып келеді. Ислам дінінің негізгі тіректері ретінде де намаздан кейін келеді. Алла Тағала қасиетті құранда «Намаз оқыңдар және зекет беріңдер және елшіге бойсұныңдар, бәлкім, сонда рахымға бөленерсіңдер» дейді. (Нұр, 56).
 Алланың елшісі () өзінің хадистерінде зекеттің Ислам дінінің ең басты парыздарының бірі екендігін баса айтып өткен. Мысалы, аса танымал хадисінде ол () былай дейді: «Ислам бес нәрседен: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне куәлік беруден, намаз оқудан, зекет беруден, қажылықтан және рамазан айында ораза тұтудан құралған», – деген. (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).
Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алланың елшісі () Муғаз ибн Жәбәлді Йеменге жіберіп жатып оған былай деді: «Әуел оларды Алладан басқа құдай жоқ екендігі және менің Алланың елшісі екендігім туралы куәлікке шақыр. Егер олар оған мойынсұнса, Алланың оларға әрбір күн мен түні бес уақыт намаз парыз еткендігін жеткіз. Егер олар оған мойынсұнса, Алланың олардың мал-мүліктерінен, байларынан алынып, кедейлеріне қайтарылатын зекетті парыз еткендігін жеткіз», – деген. (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).
Пайғамбарымыз () зекет шығарудан мал-мүліктің кемімейтіндігін, керісінше, көбейіп, береке даритындығын, қызғаншақтардың көздерінен, ашкөздердің бұзық ниеттерінен қорғайтындығын айтқан.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі () былай деген: «Садақа ешбір малды кемітпейді. Алла біреуге кешірім жасаған пендесінің абыройын асырады. Кімде-кім Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді». (Мүслім риуаят еткен.)
Садақа шығару, зекет беру, қайырымды істермен айналысу шынайы мейірімді әрі жомарттың ғана қолынен келетін іс. Ал қайырымсыз, рақымсыз сараңнан садақа шықпайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде мал-мүлкін орнымен жұмсайтын дәулетті кісінің дәрежесін былайша сипаттаған екен: «Тек екі адамға ғана қызыға қарауға болады. Біріншісі – Алла байлық беріп, оны хақ жолында жұмсайтын кісі, екіншісі – Алла білім беріп, оны басқаларға үйрететін кісі» (Бұхари, Мүслім).
Қайсыбір заманда, қайсыбір қоғамда қайырымдылыққа мұқтаждық  әрдайым болып отырады. Қайырымды істер қоғам мүшелерінің арасындағы әлеуметтік теңдік пен татулықты нығайтады. Жоқ-жітікке, жетім-жесірге, мұқтаж жандарға, Алла жолында білім алушыларға, дәрменсіз бен мүсәпірге көмек қолын созып, жомарттық таныту арқылы Жаратқанға шүкіршілік етіп, шарғи міндетімізді орындаймыз. Барымызды басқалармен бірге бөлісу көңілімізді де орнықтырып, қуанышқа бөлейді, ал ақыреттегі сауабы жұмақ бейіштеріне жетелейді.
        Алла Тағала біздерді хақ жолынан айырмасын. Бұйырған әмірлерін орындап, тыйған тыйымдарын тыйылған салих құлдарынан қылсын.
«Жылыой Мұсылмандар»
мешітінің найб имамы:                                                          Ибайдуллаев Н.