ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНІҢ XXIII ОТЫРЫСЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН АЯҚТАДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен басталған Ғұламалар кеңесінің кезекті XXIII мәжілісі өз жұмысын аяқтады. Бурабайда өткен үш күндік жиында бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда осы айда өтетін ІІІ республикалық имамдар форумына ұсынылатын құжаттар кеңес мүшелерінің назарына ұсынылды.
«Бірнеше ай бұрын имамдар форумына дайындықты бастадық. «Рухани тұғырнама», діни рәсімдер мен діни лауазымдар тізілімі сынды құжаттарды қайта сараптап шықтық. Одан бөлек күн тәртібі бойынша Исламдағы аңшылық үкімі, құрамында шошқа майы бар дәрілерді қолдану, кармин Е120 кошениль қышқылының үкімі, биткоин криптовалютасын қолдану және хайыз кезінде Құран оқудың үкімі сынды қоғамға қажетті деген жайттар шешімін тапты» - деді Ғұламалар кеңесінің хатшысы, ҚМДБ Халықаралық қатынастар және хаттама бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров.
Жиында пәтуа беруден бөлек «Таухид» кітабының аудармасы да талқыланады. Айта кетейік осы жолы Ғұламалар кеңесіне мүше болып «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстазы Бауыржан Әлиұлы қабылданды. Отырыстың келесі сессиясы жыл соңына деп белгіленді.