Қаралы сәтте қарызға батпау қажет


Елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форумында
 «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы мен дін саласының қызметіне бірізділік енгізіп, күллі қазақ даласында ортақ құлшылық қағидаларын қалыптастыруға арналған құжаттар ұсынылған болатын. Осы құжаттарды жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде «Жерлеу рәсімі мен ас беру тәртібі» атты жиын өтті.
Жиынға ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Хамзат Қажымұратұлы, Қарағанды облысы бойынша қала, аудан бас имамдары және облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы О.Төреғожин, қалалық ардагерлер мен ақсақалдар төрағасы Т.Зейнешов, зиялы қауым, мешіт молдалары, қала тұрғындары қатысты. Бас имам Өмірзақ қажы Қазкенұлының төрағалығымен өткен басқосуда шариғат  талабына сай жаназа және жерлеу рәсімдерін Қарағанды облысында бірізділікпен жүргізу туралы ұсыныстар талқыланып, орамды ой-пікірлер айтылды.
Хамзат Қажымұратұлы имам мен молдалардың негізгі қызметтері мен халық арасында жүргізетін насихаттардың пәрменділігін арттыруды міндеттеді. Бас имам халық арасында қаралы сәттерде несие алып, қарызға батып шығындалып жатқан жайттарды алға тартып, әрбір істе тиянақтылық пен ысырапшылықтың алдын алуды назарға алу қажеттігін түсіндірді.
Діннің адамзатқа ауыртпалық түсірмейтіндігі жан-жақты талқыланған жиында төмендегі жайттар  ортаға салынып, халық арасында түсіндірме және насихат жұмыстарын жүргізуге бірауыздан шешім қабылданды.
* 45 тізіліммен тұратын «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер» құжаты даярланды. Бұл – біздің басты тұғырнамамыз. Осы тізілімнің 41-тарауында шариғатта жұртқа ас берудің сауапты іс екендігі баяндалған. Қазіргі күнде ас берудің бірнеше түрі бар. Айталық, ас қайғылы жағдайда және қуанышты жағдайларда беріледі. Аста дүниелік әңгімелер емес, діни насихат айтылуы тиіс. Өйткені мұндағы мақсат – Алла Тағаланың разылығына қол жеткізу. Ас берудің басында және соңында Құран оқылады, қажеттіліке сай имамдар уағыз-насихат айтады.
* «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының 44-бетінде «Қаралы үйден ас ішу» тармағы көрсетілген.Марқұмның отбасына көршілерінің тамақ дайындап беруі – сүннет. Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. «Қазалы үйде үш күнге дейін қазан асылмасын» деген сөздің шариғатта негізі бар. Мәйітті жерлеу істері кезек күттірмейтін негізгі міндет болғандықтан, жаназадан бұрын қонақасы беріп, артық шығындалудың қажеті жоқ.
* Қабірдің басында шапан, жыртыс, шәй, орамал, орамалға ұсақ ақша түйіп тарату тоқтатылсын.
 * Марқұмға арнап, жаназа рәсімі кезінде аста-төк дастарқан жайылмайды. Ауыз тиерлік ас тұрса жеткілікті.(Ет тамақ, жеті шелпек, бауырсақ, қант, конфет-печенье, ірімшік, құрт, сары май, өрік, мейіз). Мақсат – ас жеу емес, марқұмның туыстарын сабырға шақырып, қайғысын бөлісіп, көңіл айту.
 * Қарызданып, қауғаланып, кредит алып дастарқан жасаудың ешқандай пайдасы жоқ. Мұндайды дініміз құптамайды. Сондықтан пайдасыз, сауапсыз нәрседен сақ болған жөн.
 * Жетісі, қырқы, жылдық асын беру әркімнің мүкіндігіне қарай атқарылады және осы астарда сағаттап елді сөйлету тоқтатылады. Алыс жерден келген бір-екі ағайын сөйлесе жеткілікті. Көбіне тәрбиелік мәні бар уағыз-насихат айтылады.
* Қайтыс болған кісіні еске алу барысында (бейнероликте) музыкалық сөзі бар әуендер мен бейәдеп фотоларды қолданбау. 
* Мазар салуда ысырапқа жол жоқ. Қымбат мәрмәрдан салуды дініміз бұйырмайды. Қарапайым, аты-жөні, туған жылы жазылған тақта болса, жеткілікті. Сурет салынбайды. Қорған тұрғызылмайды. Мазар жалпы қоршауға алынса жеткілікті.
Дін мен ел мүддесіне арналған жиында аталған рәсімдерді ретке келтірудегі басты мақсат атқаратын амалдардың риясыз, қиындықсыз, шынайы болуына негізделген.