Азан шақырып жақсы ат қою

Ислам дінінде сәби өмірге келгенде әке-шешенің орындауға тиісті міндеттерінің бірі, баланың құлағына азан шақырып жақсы ат қою. Бұл Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бері келе жатқан сүннет амал.
Азанды білген кез келген мұсылман баланың атын қоя алады. Міндетті түрде имамның немесе молданың азан шақыруы шарт емес. Егер де жас кезінде балаға қандай да бір жағдайлармен азан шақырылмаса, есейген кезінде де шақыра беруге рұқсат. Ал, азан шақырып ат қоюдың тәртібіне келер болсақ, ең әуелі азаншы құбылаға жүзін қаратып сәбидің оң құлағына азан шақырады да, үш рет атын айтады. Кейін екінші жағына, яғни сол құлағына қамат түсіріп, үш рет аты аталады. Міне, осыдан кейін жақсы тілек тілеуге де болады. Оң жағына азан, сол жағына қамат түсіруінің бір себебі, екеуі намаздардың алдында да әрдайым қатар келеді. Дәл осы секілді нәрестеге екеуі қатар айтылады.
Алайда, жас нәрестенің кұлағына азан мен қамат айтылғанымен намаз оқылмайды. Осы оқылмаған намаз адам өмірден өткен кезде азан, қаматсыз өтеліп барып, жерленеді. Бұл намаз «жаназа намазы» деп аталады. Бұдан алатын ғибрат адамның өмірге келіп, кетуі бейне бір азан, қамат айтылған соң намаздың дереу басталатыны секілді, қысқа ғана өмір берілгенін көрсетеді. Өмірдің қысқа екенін осылай білген жан, Аллаға жақындайтын, Алла разы болатын амалдарды мол істейтін болады. Бүгін Мейрамбек баласы Бекəділге Қапан қажы мешітінің имамы Ж.Ыбыраш, Азан шақырып ат қойды.