Екпеден бас тарту соңы қандай жағдайға апарады?



Медицина мамандарының айтуынша, туберкулезге қарсы екпеден бас тарту – ауру қаупін күшейтуі мүмкін.
Атырау облысы,Жылыой ауданы,шоқпартоғай ауылындағы Қара арна селолық округінің мәжілісзалына осы мәселе талқыланған “дөңгелек үстел” шарасы өтті. Оған Қапан қажы мешітінің Бас имамы Жамбыл Демеуұлы арнайы қатысты.
Мамандардың айтуынша, туберкулезге қарсы екпе алу – қажеттілік. Екпені алмаған жағдайда, жаппай эпидемия туу қаупі бар. Және екпеден дінді алға тартып, бас тарту да негізсіз.
“Вакциналық екпе егуге Ислам шариғаты мамандары қарсы емес. Мысырдағы әл-Азһар Ислам университеті жанындағы ғұламалар кеңесі, Ислам Конференциясы Ұйымына қарасты Ислам фиқһ кеңесі ғұламалары, Марокко мен Сауд Арабиясы корольдігінің ғалымдар кеңесі түрлі жұқпалы аурулардан сақтану үшін вакцинациялық екпеге жүгінуге болады деп пәтуа шығарған. Аталмыш ресми діни мекемелердің ғалымдары мәселеге байланысты діннің екі негізінің бірі – хадистерге де жүгінген.
Хадисте Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім де кім таңертең «ажуа» құрмасынан жеті данасын жейтін болса, ол сиқырдан және уланудан аман болады», – дейді. Бұл құрма уланудан адамды қорғайтын болса, демек ол адам иммунитетін күшейтетін дәрумендерге бай болғандығы. Екпені де түрлі вирустардан сақтану үшін, адамның иммунды әлеуетін көтеру мақсатында егеді” деген Қапан қажы мешітінің Бас имамы Жамбыл Демеуұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының екпеге қатысты ұстанымы оң екендігін атап өтті.
Жиында Қара арна селолық окугінің әкімінің орынбасары С. Сеңгірбаев, бас дәрігер А. Санақ қызы хабарлама жасап, қазіргі ахуал туралы айтты.
Еске сала кетелік, елімізде бала дүниеге келгеннен бастап, 16 жасқа дейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салдырылады.