Бас имам Атыраудағы Жұлдыз мешітінің имамын құрметпен шығарып салу рәсіміне қатысты

Бүгін Атырау қаласына қарасты Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы ауысты. Енді Жұлдыз мешітіне Айтжан Абдиров басшылық етеді. 
Бұған дейін аталмыш мешіттің бас имамы қызметін атқарған  Ардақ Жұмабекұлын Атырау облысының Бас имамы Алтынбек  Ұтысханұлы бастаған жергілікті жамағат құрмет көрсетіп, шығарып салды. 
Құптан намазынан кейін өткен қоштасу кешінде Бас имам  Алтынбек  Ұтысханұлы асыл дінімізді насихаттау, жергілікті жамағатты бірлік туы маңына топтастыру, ағартушылық бағыттарда атқарған ізгі істері үшін Ардақ Жұмабекұлына алғыс айтып, білімін жетілдіру мақсатында Түркия еліне аттанғалы отырған сапарына сәттілік тіледі. 
"Біз өмірге келіп, өмірден кеткенге дейін білім алуға тиіспіз. Себебі, біз терең білім арқылы ғана адам деген атқа лайықты боламыз. Білім арқылы Аллаға жақындай түсеміз. Білім арқылы біз Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) қандай мақсатпен келгендігін білуге көп мүмкіншілік аламыз. Алла Елшісінің (с.ғ.с) "Білім алу - ер мен әйелге парыз" деген өсиеті де бар. Ардақ бауырымыз осы уақытқа дейін қанша жерде білім алып шықты. Әйгілі Хасеки орталығында оқып шыққан. Қасиетті Құранды толық жаттаған. Бірақ, ол мұнымен шектеліп жатқан жоқ. Құранды қырағатпен оқудың тәсілдерін меңгеру мақсатында шет елге аттанғалы отыр. Бауырымыздың ниетін Алла сауаптан жазсын. Осындай білім жолындағы ізденіс баршамызға нәсіп болғай" деп атап өтті Бас имам Алтынбек  Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, Ардақ Жұмабекұлы Түркия еліндегі Стамбұл қаласында «Хасеки» Ислами білімдер оқыту орталығында исламтанушы мамандығы бойынша білім алған. Елордадағы  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану мамандығының магистранты. Әр кезеңде Астана, Орал, Атырау қалаларында жауапты қызметтерді атқарды.  
Жұлдыз мешітінің бас имамдығына тағайындалған Айтжан Абдиров Түркия Республикасындағы  "Хасеки" жоғары діни мамандандыру орталығының түлегі.  Шымкент медресе колледжінде  жалпы білім беру пәндер бірлестігінің меңгерушісі болып, аталмыш мекемеде араб тілі, фиқһ пәндері бойынша ұстаздық еткен.