Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттар туралы ойымен бөлісті Сейсенбі, 29 Қазан 2019 18:42

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттар туралы өз ойымен бөлісті.   
«Елордада өткен имамдар форумы рухани салада айрықша тарихи шара болды. Форумда қабылданған бірқатар құжаттардың санаға сілкініс жасауға бағытталған қадам екендігін атап өткеніміз жөн.
Айталық, «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасы – ерекше маңызға ие құжат. Себебі, оның негізгі мазмұны біртұтас ұлт болып қалыптасудағы рухани негіздерді ашып көрсетуімен құнды. Оның өзегіндегі ойлар имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік секілді ұстындарды қамтиды. Расында, шынайы мұсылманның іс-әрекеті мен мінез-құлқы имандылыққа, адамгершілік принциптерге негізделеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және туыстарға қарайласуды бұйырып, арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды» («Нахл» сүресі, 90-аят), – деп адамзат баласын ізгілікке шақырған.
Тұғырнамада Исламның асыл құндылықтары жазылған. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкенді-кішілі сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді қасиеттер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде көрсетілген.
Рухани Тұғырнамада отаншылдық қасиет сөз болады. Отаншылдықтың мәйегі ұлтты сүюмен өлшенеді. Өз ұлтын, туып өскен жерін сүйіп, оның көркеюіне қызмет етіп, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады.
Отаншылдық сана – халықты топтастырушы рухани күш болумен қатар, оның күш-жігерін тәуелсіздікті нығайтуға бағыттайды. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Әйтеке би: «Өмірім – халықтікі, өлімім ғана – өзімдікі», – деп халыққа қызмет етудің маңыздылығын атап өткен.
Форумда қабылданған «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» құжаты да уақыт талабынан шыққан дүние. Қазіргі уақытта кез келген адамның діни рәсімдерді орындай беретіні жасырын емес. Бір ғана неке мәселесін алсақ, шариғат заңдылықтарынан әлдеқайда алыс, жасырын қиылған некелер талақтың көбеюіне, сәйкесінше, тірі жетім, некесіз балалар санының артуына әкеліп жатыр. Сондықтан, мүфтият тарапынан «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» құжатының қабылдануы – құптарлық іс.
«ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттер» құжатының ресми түрде бекітілуі де мүфтиятқа қарасты мешіттердің жұмысын жүйелеуге жаңаша серпін береді деп сенемін», – дейді Алтынбек Ұтысханұлы.