Бас мүфти Атырау облысының әкімімен кездесті

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен Атырау облысына келді.
Сапар аясында Бас мүфти Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңірдегі діни ахуал, пандемия кезіндегі аймақтағы діни орындардың қызметі, діни кадр даярлау, теріс ағымдармен күрес мәселелерін талқылады.
«Пандемия кезінде Діни басқармаға қарасты мешіттер жұмысын жаңа форматта жалғастырды. Заманауи технология мүмкіндігін пайдалану арқылы халқымызға қолдау білдірдік. Уағыз-насихаттар онлайн форматқа көшті. Мешіт есіктері жабылғанымен, сауап есіктері жабылмады. Қайырымдылық бағытындағы шаралар күшейтілді. Сонымен бірге мүфтият бірқатар маңызды құжаттар қабылдады. Пандемия жағдайында жаназа шығару, ас беру рәсімінің арнайы тәртібі бекітілді. Мешіттерімізде азан тоқтатылмады, Құран хатым жасалып, құрбандықтар шалынды. Халқымыздың бірлігінің арқасында бұл сынақтан да аман өттік» деп атап өтті ​Наурызбай қажы Тағанұлы.