Жанбай ауылында Әйтеке би атындағы мешіт ашылды



Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі датасына орай, пайдалануға берілген Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылдық мешітінің ашылуына Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы барды.

Заман талаптарына сай салынған мешіт жанында төрт бөлмелі имам үйі қоса тұрғызылған. Қазақ тарихында айрықша із қалдырған Әйтеке би атындағы мешіттің сыйымдылығы 300 орындық.
Осылайша, Атырау облысындағы мешіттер саны 34-ке толығып отыр.
“Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміздегі мешіттерге қазақ даласында із қалдырған би – шешендеріміздің, хан – сұлтандар, батыр тұлғалардың аты беріле бастады. Өткен жылы Махамбет ауданына қарасты, Бейбарыс ауылында есігін айқара ашқан мешітке Қасым ханның есімі берілген болатын. Осынау игі дәстүр бүгін Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылында жалғасын тауып отыр.
Біздің мақсатымыз – халқымыздың тарихын, өткенін, дара тұлғаларын насихаттау арқылы, жас ұрпаққа ұлттық негізде тәрбие беру” деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Карантин талаптарын сақтай отырып, Исатай ауданы әкімі Марат Мурзиев, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары қатысқан іс-шарада мешіттің лентасын ауыл ақсақалы Шапен Заденұлы Бас имам Алтынбек Ұтысханұлымен бірге қиды.
Жекелеген кәсіпкерлердің, жергілікті жұртшылықтың атсалысуымен тұрғызылған мешіттің ашылу рәсімі кезінде Бас имам ортақ іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс хат табыс етті.
Құлшылық үйінің ашылу рәсімі барысында жергілікті жұртшылыққа Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен тағайындалған Жанбай ауылдық Әйтеке би мешітінің имамы Жениш Сисенбаев таныстырылды.
2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент медресесін исламтанушы мамандығымен аяқтаған Жениш Сисенбаев әр кезеңде Маңғыстау облысындағы Қарақия аудандық мешітінің бас имамы, аталған өңірдегі Түпқараған ауданында Сайын Шапағатов мешітінің бас имамы қызметтерін атқарған тәжірибелі маман.