

Құлшылық үйінің тыныс-тіршілігімен танысқан Бас имам аталмыш мешіттің ақсақалдар алқасымен, жергілікті жамағатпен кездесті. Кездесу барысында елдегі діни ахуал мәселесі талқыланды. "Қазіргідей алмағайып заманда елдің бірлігін сақтап қалу маңызды. Сондықтан, аға буын мен жастар арасындағы байланыс қылы үзілмеуі керек. Және жат ағымдармен де жаппай бірлесе күресуге шақырамын" деді Бас имам.
Жергілікті тұрғындар Бас имамның Жаңа Қаратонға ат басын арнайы бұрып келгеніне ризалығын білдірді. Сонымен бірге, ауыл мешітін заман талабына сай күтіп ұстап тұру, жергілікті имамға, құлшылық үйінің қызметін жетілдіруге ақсақалдардың, жергілікті тұрғындардың атсалысуы мәселесі де талқыланды.
Сапар аясында Бас имам поселкедегі бір ізділікпен салынған зират қауымы басына барып, Құран бағыштады.