Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Исатай ауданына жұмыс сапары аясында облыстық ғылыми конференцияға қатысты

Бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Исатай ауданына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы «Туған ер Исатайда ел бағына» атты облыстықғылыми-тәжірибелік конференцияға мәртебелі мейман ретінде қатысты.

Конференция аясында жиналған жұртшылықты Исатай Тайманұлының ескерткішініңашылуымен құттықтаған Бас имам халық батырының жүріп өткен жолы патриоттық тәрбиенің қайнар көзі болуы керектігін атап өтті. Және де жұртшылықты еліміздің бірлігі, қоғамның тұрақтылығын нығайту жолында ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасымен таныстырды.

«Тұғырнама мұсылманның тұла бойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық.

Рухани тұғырнамада айтылғандай, исламдағы басты парызға – білім алу жатады. Себебі, Құран Кәрімнің алғашқы түскен аяты «Оқы!» деген сөзден басталады. Білім алу, сауат ашу – Ислам дінінің ең басты талабы. Құран Кәрімнің көптеген аяттарында білім жайлы айтылған. Қасиетті Құранда: «Алла Тағала араларыңдағы иман келтіргендер мен білім иелерінің дәрежелерін көтереді» («Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят) деп білімді болудың артықшылығын білдірген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу – әрбір мұсылманға (ер мен әйелге) парыз», – деген. Расында, ойлап қарасақ, мемлекетті құраушы күш оның азаматтары десек, әр адам бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз дамып, өзін-өзі жетілдіріп отыруы тиіс. Озық ақпараттық технологиялар билік құрған заманда бәсекеге қабілетті жекелеген мемлекеттер ғана алпауыттарға жұтылмайды» деп атап өтті ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы.