Терроризм мен экстремизм – жаһандық мәселе

Құрметті жамағат!
Бүгінгі тақырыбымыз жаһандық мәселеге айналған терроризм мен экстремизм жайында болмақ.
Қазіргі кезде әлемдік қауымдастыққа ортақ қауіптердің бірі ол – діни экстремизм және оның шекті формасы – терроризм.  Сонымен қатар, барша адамзат баласына ортақ құндылықтарға қарсы бағытталған радикалды діни идеологиялардың таралуы жаһандық мәселеге айналғаны белгілі. 
Әлем мемлекеттері қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жолдарын қарастырып келеді. Қазақстан да жаһандық әлемнің бір бөлшегі, яғни әлемде болып жатқан мәселелер мен қауіп-қатерлер елімізді айналып өтпейтіні де белгілі. Сондықтан, Еліміз мемлекет ішінде де, халықаралық деңгейде де экстремизм мен терроризмнің кез-келген көріністеріне барынша қарсылық танытады.  
Естеріңізде болса 2011жылы басталып Солтүстік Африка және Таяу Шығыстағы араб елдерін қамтыған «Араб көктемі» оқиғасы халықаралық жағдайға үлкен өзгерістер алып келген еді. Бұл оқиғаларға «Әл Каида» халықаралық террористік ұйымының қатысы бар екені белгілі болды.  Ұйым мүшелері өздерінің опат болған көсемі Усама бен Ладеннің бейнеүндеуін таратқан. Үндеуде Батыстың таяу уақыттарда күйреуге ұшырайтыны, ал АҚШ-тың ислам әлеміне қарсы тұруда жеңіліске жақын екенін мойындауға күші жетпей отырғаны айтылған. Осы оқиғалар салдарынан жүз мыңдаған адам қаза тауып, миллиондаған адам босқынға айналып, жаһандық және аймақтық соғысқа айналды. Тунистен басталған толқулар Мысыр, Ливия, Йемен, Сирия елдеріндегі шиеленістерге ұласқан болатын. 
Экстремистік сипаттағы терроризмге әкелетін жаһандық мәселелер Елімізді айналып өтпейтіні белгілі. Яғни, әр мемлекет туындаған мәселерді өз мүдделері мен өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып шешуі заңдылық. Мысалы, Елімізде өздерін христиан ағымына жатқызатын «Иегова куәгерлері» ұйымы ресми тіркеуден өтіп қызмет етуде. Алайда, әлемнің 30 астам елдерінде «Иегова куәгерлері» ұйымының қызметіне тыйым салынған. Сондықтан, әр мемлекет өзінің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін ескере отырып әрекет ететіні белгілі. 
Қазақстан өңірлік қауіпсіздікті сақтауға қатысты Терроризмге қарсы орталықтармен өзара әрекет етеді, олар: ТМД елдері, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымдары. Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының терроризмге қарсы күрес жөніндегі 19 қарары және басқа 15 құжатын ратификациялады. 
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттерге Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың саяси үндеуін іске асыру шеңберінде Бейбітшілікке, терроризмнен бостандыққа қол жеткізу бойынша тәртіп кодексінің жобасы әзірленген болатын. Кодекс Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Жаһандық терроризмге қарсы коалицияны (желіні) құруға негіз болады. Қазақстан Республикасының 1267 және 1988 санкциялық комитеттерге төрағалық етуі Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің «ДАИШ», «Әл-Каида» және «Талибан» террористік ұйымдарына қарсы іс-қимыл бойынша күш-жігерін нығайтуға себепші болады. 
Осы орайда, Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар іс-шаралар жоспарланған болатын. Бағдарламаны  әзірлеу барысында Норвегия, Финляндия, Канада, Америка Құрама Штаттары мен Біріккен Араб Әмірліктерінің экстремизм мен терроризмге қарсы оң тәжірибесі зерделеніп, назарға алынған болатын. 
Бағдарлама мақсаты: діни экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністері мен терроризм қауіптерінен адам, қоғам және мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал міндеттері: Қоғамда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру; Қазақстан Республикасы халқының радикалдануына сыртқы факторлардың ықпал етуін төмендету; Діни экстремизм мен терроризм фактілерін, оның ішінде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру мен тиімділігін арттыру; Діни экстремизм мен терроризм актілеріне ден қою, олардың салдарын барынша азайту немесе жол бермеу болып отыр. 
Діни экстремистік және террористік ұйымдар жеке веб-сайттар және түрлі форумдар арқылы жұмыс жүргізіп отырғаны туралы сіздерді хабардар етіп келеміз. Бүгінгі күні интернет адам өмірінен ойып тұрып орын айналғанына куә болып отырмыз. Ал, сол интернетті лаңкестер мен экстремистер соңғы кездері адамдарға ықпал етудің тиімді құралына айналдыруда. Мұндай үдерістерге жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы аумағында экстремисттік діни идеяларды таратуға ықпал ететін ресурстарға мониторинг жүргізіліп, сараптама нәтижесінде бұғатталып отырады. Мысалы, бір жылда интернетте және әлеуметтік желілерде терроризм мен экстремизмді насихаттайтын 620 мыңнан астам материал бұғатталады.
Қазақстан Республикасының «Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңының 23-бабына сәйкес, мазмұны ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін Қазақстан Республикасының аумағында таратуға тиым салынған. Ал осы Заңның  6-шы бабында ақпаратты әдейі бұрмалап және дәйексіз ақпаратты таратуға тыйым салынатыны туралы да айтылған. 
Сондай-ақ, 2017 жылы Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының тұжырымдамасы қабылданған болатын. Тұжырымдаманы іске асыру жаңа геосаяси ахуал мен ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы қауіптеріне уақтылы ден қоюға, қоғамдағы қауіпсіздікке, бейбітшілік пен тұрақтылыққа, мемлекет мүддесін қорғауға бағытталғаны белгілі. 
Ардақты ағайын!
Бүгінгі таңда әлемнің түпкір-түпкірінде отырып алып, дін атын жамылып, алайда өз мүдделерін көздейтін топтар көбейіп кетті. Олар дін жолындағы адамдарды адастырып, түрлі іс-әрекеттерге шақыратынын біле жүрген абзал. 
Қасиетті Құранның Бақара сүресінде: «Өздеріңе біреу шабуыл жасаса, Құдай жолында сендер де соғысасыңдар. Тек өздерің килікпеңдер. Анығында, Аллаһ шектен шыққандарды ұнатпайды» делінген. 
«Жамандық» атаулыға қатысты «Зилзал» сүресінің, 7-8 аяттарында: «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» деген. Демек, Ислам адамға кесірін тигізетін кезкелген іс-әрекетке қарсы. 
Бүгінгі тақырыпты қозғаудағы негізгі мақсат – жаһандық мәселеге айналып отырған діни экстремизм мен терроризм қарсы иммунитет қалыптастыру еді. 
Алла Тағала барша адамзатқа бейбіт өмір нәсіп етсін! 
Қапан қажы мешітінің имамы Ж.Ыбыраш