«Тасаттық» садақасы

Бүгін Алланың қалауымен Атырау облысы,Жылыой ауданы,Шоқпартоғай аулында «Қапан қажы» мешітінің жамағаты және ауыл тұрғындардың қолдауымен «Тасаттық» садақасы берілді.Алла тағала Құран Кәрімде «Қаһф» сүресінде желді «Рахмат» дейді. Сол рахмат көктегі бұлтты бір біріне соғып, әрі-бері қозғаумен жер бетіне нәр құяды. Яғни, Алла өз мейірімімен жерге жауын етіп, қайта жібереді. Жаңбыр қатқан топырақты жібітіп, қураған даланы көгалдандырады. Кез келген жаратылысқа серпіліс береді. Заманында Мәлике данышпанның: «Жаратқанның бір рақымы бар, адамдар одан қашады. Ол – жаңбыр» дегені бар еді. Мұны естіген Омар Хайям:
«Бір Алла рақымымен нұрын шашар,
Адамдар су болам деп одан қашар.
Ол рақымның бір тамшысы тисе екен деп,
Дарияда балықтар аузын ашар», – деген екен. Кей деректерде дұғалардың қабыл болатын уақыттар белгіленген. Солардың арасында жаңбыр жауған сәттегі дұға тілек бар. Біле білсеңіздер, жаңбырдың әр тамшысын періштелер көктен жерге тасиды. Сондықтан болар, дұға ету жақсылығын уақытымен енгізген. Қазір көктем болса, одан кейін жаз келе жатыр. Бұл мезгілдерде еліміздің көптеген жерлерінде көпшіліктің Алладан жаңбыр тілейтін оқиғалары сөзсіз кездеседі. Оны «Тасаттық» дейді. Қазақ тіліне бұл сөз араб тілінен енген, яғни «تَصَدُّق», «тасаддуқ» сөзі – Алла разылығы үшін қайыр садақа беру мағынасын білдіреді. Тасаттық қазақтың өмірінде ежелден үрдіске айналғанымен, бүгінгі тасаттық сол шариғатымызға лайық болмай жүрген секілді. Негізінде, ол көпшілікпен атқарылатын діни рәсім, құлшылық пен ғибадат. Оның жолына құрбандық шалынып, дұға жасалып, Алладан жаңбыр сұрау ниеті жатыр.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі екі ракағаттық намаз оқып, жаңбыр жауу үшін дұға жасайтын болған. Алайда, осы ғибадатқа көп жұрт мән бермей барады. Өйткені, ауыл-аймақтан жыраққа шықса арнайы намазды жамағат толығымен оқымайды. Имам-молда, бір-екі ақсақал мен әжелер сапты толтырса, қалған ел қазан-ошақ айналасынан табылып, балалары асыр сала доп теуіп, ойнап кетеді. Мұнымен қоса, дінінен жырақ адамдар ата-бабасында болмаған қартаны ойнап, далаға серуен құрып, саяхат жасауға келгендей, ортаны қалжыңға айналдырып, мейрамханада отырғандай тасаттық малының етінен жасалған кәуапқа тойғанға мәз болады. Бұл үлкен қателік, тасаттыққа жатпайды да. Осыдан бірнеше жыл бұрын қуаңшылыққа кезіккен бір ауылдың халқы тасаттық беруге ниеттенді. Көздеген жерге дуылдап жеткен үлкен-кіші әркім өз бастарынан кешкен оқиғаларды, өткен кеткен қиқым әңгімелерді айтып, әзіл-қалжың, күлкі-мазақ, асыра сілтеу, мақтаныштар бірден басталып кетті. Бір тұста қазан асылды, мал шалынды, от жағылды. Боршаланған еттің кәдесіне қарамастан, ауылдың жас келіндері үлкендерден сұрауға уақыттары жетпеді ме, әйтеуір шала-пұла қазанға сала салды. Бұл көріністі сырттан бақылаған жанның көзіне тек қана бір қарияның кейпі ілінері сөзсіз. Ол кісі ортадан бөлектеніп, жақын маңдағы тал түбіне жайғасып, назарын жерге тікті. Көңілі бір нәрсеге алаң болды ма, жиналғандарға тіктеп қарай қоймайды. Сол жерде ұзағынан отырды. Бір кезде орнынан тұрып, жиналғандардың қасына жетті. «Бері қараңдар…» деді. Әрбір ауыл адамдарының жүзіне қарап тұрып, тасаттық жолды болмашы сауыққа айналдырып, бұл күннің сауабын арттырмаған ниеттеріне ызалы ренішін білдірді. Қарттың батырып айтқан әрбір сөзінен соң сол тұста аспан күркірей бастады. Іле-шала тасыр-тұсыр жауған нөсер жұртты жан-жаққа қашырды. Біреулері абдырап, қай жаққа жүгірерін білмеді. Ошақтың айра-жайрасы шыққаны сонша, асылған еттің дәмін ешкім білген жоқ. Мінекей, ниет шынайы түрде бір жерге тоғыспаса, берекеттің аққан сумен кете берері сөзсіз. Алайда, сондағы бір адамның үнсіз іштей тілеген дұғасы қабыл болғанына көз жеткізілді. Сол тәрізді, бірде Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарымыз жеріне жауын сұрап, Аллаға мінәжат етуге халқын жинап, далаға келе жатады. Сөйтсе, алдынан кішкене бір құмырсқаның аяғынан тік тұрып, екі қолын көкке көтеріп, Жаратқанға дұға тілеп тұрғанын көреді. Құмырсқа болса, «Иә, мейірімді Аллахым! Біз сенің жаратылыстарыңның ішіндегі ең кішкене құмырсқасы боламыз. Адамдардың күнәлары мен қателіктері үшін, бізді жазалама, ризығымызды кес¬пе, жауын бер, бұл нәрден жеріміз көгеріп, бізге ризық беріледі» деп, тілеп тұрғанын естиді. Сонда, Сүлеймен (ғ.с.) барша жануар-жәндіктің тілін ұққандықтан, халқына бұрылып, «Кері қайтамыз. Бір құмырсқаның шынайы тілегінің өзі де жеткілікті» деген екен. Ал, Мұса (ғ.с.) пайғамбарымыздың тұсында Жаратқанның рақымының бір тамшысы жерге түспей, бәрі жиылып, тасаттық беріп, жауын тілейді. Алайда, жаңбыр жаумайды. Халық ұлан-асыр дайындықпен күтіп отырғанда, бір кембағал келіп, нан сұрайды. Адамдар оның алқам-салқам түрі мен үстіне қарап, қуып шығады. Кешке дейін сарыла күткен халық наразыланып, Мұсаға (ғ.с.) қайырылғанда, жиналған халықтың ниетіне қарай жауынның жіберілмейтінін Алла тағала жеткізеді.
Сондықтан, тасаттық беруде ниеттес адамдардың шынайы жүрекпен бірге тілектес болуы – маңызды шарт. Жаратқанның мейіріміне жетіп, жауын жаууының септігі де осында. Қыстың қолайлы, көктемнің сәуірлі, жаздың жайдарлы, күздің күрең болуы – адамдардың ниеті, пейілі, адами қасиетінде, Жаратқанға жақындауында. Ендеше, ризық тілеп, Алладан нәр күту барша халыққа қажетті құлшылық. Жаратқан Алла екі дүниемізді де нәрлі етсін, әумин!-деп «Қапан қажы»мешітінің имамы Жамбыл Демеуұлы уағызын тамамдады.Ауыл ақсақалдары Тілекқабыл,Жеңіс ақсақалдар және ақжаулықты ана Аққойқын жылы лебіздерін білдіріп,үлкендер бата берді.